Аягөзде трансформатор өртеніп, тоғыз мыңнан астам адам жарықсыз қалды
Абай облысында тоғыз мыңнан астам адам жарықсыз отыр. Себебі, мамандар Аягөз ауданында өртенген трансформаторды қалпына келтіріп болмады.
Автор: Ұлан Нұрахмет
19.12.2024
Өрт кеше кешқұрым Аягөз ауданында жеке тұрған трансформатордан тұтанған. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды ауыздықтады. Бірақ Аягөз, Үржар және Мақаншы ауданы жаппай жарықтан ажыратылған. Қазір қос аудан тұрғындары электр энергиясына қосылған. Бірақ Аягөз ауданына қарасты Мамырсу ауылына әлі тоқ берілмеген. Өйткені отқа оранған трансформаторды жөндеп бітпеген. Ал облыстық атқамінерлер жөңдеу жұмысына 30 маман жұмылдырылғанын жеткізді. Сондай-ақ олар аудандағы алты жылу қазандығы штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтады.
Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:
— Трансформатордың ішіндегі электр желілері жанған деген болжам бар. Бұл нысан негізінен Аягөз қаласын электр қуатымен қамтиды. Қауіпсіздік үшін Үржар, Мақаншы аудандарында да жарық өшірілді. Қазір қос ауданның тұрғындарына жарық берілді. Ал бүгін кешкі тоғызға дейін Мамырсу ауылының тұрғындары жарықпен түгел қамтылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!