Семейде шырша безендіремін деп биіктен құлаған мұғалімнің жағдайы ауыр
Семейде шырша безендіремін деп биіктен құлаған мұғалімнің жағдайы ауыр. Қуат Айтқалидың миына қан құйылып, бас сүйегі зақымданған. Науқасқа тағы да ота жасау қажет. Бұл оқиғадан кейін қала әкімінің орынбасары сөгіс алып, білім бөлімінің басшысы Біржан Бұлабаев қызметінен қуылды.
Автор: Ұлан Нұрахмет
23.12.2024
Оқиға Семейдің орталық алаңында болған. Бас шыршаны безендіруге келген ұстаз биіктігі бес метрдей биіктіктен бетон жерге құлаған. Ал Облыстық білім басқармасының мамандары ұстаздардың «шырша құруға жұмылдырылғанын» білмедік деп ақталуда.
Қуат Айтқали, Семей қаласындағы №49 мектептің мұғалімі. Он жыл бойы оқушыларға қазақ тілі мен әдебиет пәтінен сабақ берген. 32 жастағы мұғалімді бас шыршаны безендіруге мектеп директоры жұмсаған көрінеді. Бірақ қағаз жүзінде ешқандай бұйрық болмаған дейді жәбірленушінің әйелі.
Сымбат Аянқызы, Қ. Айтқалидың әйелі:
— Бұл жерде әкімдік те кінәлі. Себебі, бірінші әкімдік бұйрық берген. Бұл әкімдіктің шыршасы, мектептің шыршасы емес. Оған 30 млн. теңге бөлінген. Ал оған апарады да, бейшара мұғалімдерді тығады. Мысалы, ол — адам тағдырымен ойнау. Қазір оның жағдайы қалай болатынын білмеймін. Өте қиын, ауыр жағдай.
Жас ұстаз екі күн жансақтау бөлімінде жатып, есін енді жинады. Дәрігерлер миына құйылған қанды тоқтатып, сынған бас сүйегінің жартысын алып тастаған. Енді екінші мәрте ота жасау қажет дейді.
Төлеген Тоқмолдин, нейрохирург:
— Қазір денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Науқас ем-дом алып жатыр. Екі-үш айдан кейін, толық емделіп біткен соң ота жасалады. Қазір ол операция керек емес.
Бас шыршаны безендіруге шаһардағы үш мектептің ұстаздары жұмылдырылған. Олар қалалық білім бөлімінің басшысы Біржан Бұлабаевтың тапсырмасын орындаған. Бүгін «Педагог мәртебес туралы» заңды өрескел бұзғаны үшін қала әкімінің орынбасарына сөгіс жарияланып, білім бөлімінің басшысы қызметінен қуылды. Ал облыстық білім басқармасы мұғалімдердің қара жұмысқа жегілгенінен «бейхабар болдық» деп ақталды.
Нұржан Ахметқалиев, Абай облысы білім басқармасының басшысы:
— Жалпы, бұл жағдайдың орын алуына негізгі себеп: қала әкімдігінен өтініш түскен. Білім бөлімінің басшысына. Білім бөлімінің басшысы, білім басқармасын ескертпей, өздігінен шешім қабылдаған. Аталған жағдай орын алып отыр.
Шаһардың жаңа жылдық шыршасына 25 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражат оны құруға емес, тек қалаға жеткізіп беру үшін ғана қарастырылған екен. Сондықтан әкімдіктегілер ұстаздарды биікке шығарып құлатуға емес, сәндейтін ойыншықтарды жерден әперіп тұруға шақырғанын мойындап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!