Медицина қызметкеріне шабуыл жасағанның жазасы ауырлайды
Қызмет борышын өтеп жүрген медицина қызметкеріне шабуыл жасағандардың енді жазасы да ауыр болмақ. Дәрігерлерді жұдырық ала жүгіретіндерден қорғау үшін денсаулық сақтау министрлігі Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
23.12.2024
Серікболсын Темірханов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Заң департаментінің директоры:
— ҚР ҚК-не арнайы медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық жазаны енгізуді көздеп отыр. Бұл норманы біз әділет министрлігімен, бас прокуратура, ішкі істер министрлігімен, жоғарғы сот өкілдерімен пысықтап жатырмыз.
Пысықталып жатқан өзгерістер өзгенің өмірі үшін өз өмірін қатерге тігетін медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған. Өйткені дәрігерлерге шабуыл жасау жиілеп кетіпті. Соңғы бес жылда осындай әрекет 158 рет қайталанған. Биыл көмекке келген дәрігерлерге тоғыз рет шабуыл жасалыпты.
Естеріңізде болса, өткен аптада ғана Қостанайда шақыртумен келген жедел жәрдем фельдшеріне науқастың туыстары тап беріп жарақаттаған. Қазіргі заң бойынша бұндай жағдайда 15 тәулікке қамалып, 55 мың теңгеге дейін айыппұл төлесе, енді 800 сағат қоғамдық жұмысқа тарту, тіпті шабуылдың ауырлығына қарай үш жылға дейін түрмеге қамау жазасы ұсынылып отыр. Өзгерісті алдымен Мәжіліс талқылап барып, мақұлдайды.
Ажар Сағындықова, Мәжіліс депутаты:
— Шынымды айтсам, әлі бұл Заң жобасын көрген жоқпын. Өйткені бір-екі күнде ғана түсті. Әрине, медицина қызметкерлері адам өмірін құтқаруға келеді. Осы кезде науқастың туысқандары кедергі жасап, тіпті өміріне қауіп төндіруі — шектен шыққандық. Қызмет барысында олар қауіпсіз болуға тиіс. Ондай өзгерістер болса, мен қолдаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!