Алматылық үлескерлерді алдап Ресейге қашқан күдікті елге қайтарылды
Алматылық үлескерлерді сан соқтырып Ресейге қашып кеткен күдікті Қазақстанға қайтарылды. 15 жыл бойы халықаралық іздеуде болған құрылыс компаниясының экс-бухгалтері былтыр ғана Краснодар өлкесінде ұсталыпты. Қазақстанға экстрадицияланған қашқын енді аса ірі көлемдегі алаяқтығы үшін қылмыстық жауапқа тартылмақ.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
23.12.2024
Бас прокуратураның мәліметінше, әйел жылмысқы әрекетін 2005-2007 жылдар аралығында жүзеге асырған. Сол уақытта күдікті Алматыдағы құрылыс компаниясында бухгалтер болып жұмыс істепті. Ол осы қызметін пайдаланып үлескерлерден ақша жинайды әрі құрылысы бітпеген тұрғын үйлердің төлемі үшін жалған түбіртектер жазып беріп отырған. Күдіктінің бұл әрекетінен 80-нен аса адам зардап шеккен. Шығын — 3 миллиард 700 миллион теңге. Қыруар қаражатты жымқырған соң, Өзбекстан азаматы ізін суытқан.
Әсел Берқалиева, ҚР Бас прокуратурасының өкілі:
— Былтыр желтоқсанда күдікті Ресейдің Краснодар өлкесінде ұсталды. Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі күдікті тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!