Мемқызметкерлер ЖИ қолданып үйренуге кіріседі
Келер жылдан бастап мемлекеттік қызметтегілер жасанды интеллектіні қолдануды үйренуге кіріседі. Соңғы кезде әлемде қарыштап дамыған аталмыш технологияны Үкімет экономикадан бастап, экологияға дейін барлық салада пайдаланбақ. Министрлер кабинетінің отырысында жасанды интеллектінің нығметін қазірден-ақ қалай көріп жатқанын цифрлық даму министрі мақтанышпен жария етті. Цифрлық үкімет кеңсесінде өткен Үкімет отырысына КТК тілшісі қатысып қайтты.
Автор: Мерей Қалиасқар
24.12.2024
Әлемде қарқынмен дамып жатқан жасанды интеллектіні Қазақстанда да мемлекеттік қызметке кеңінен енгізуге ниетті. Мұны азаматтарға көмек ретінде және бизнес салаларына пайдалану, түптеп келгенде елдің экономикалық көрсеткішіне елеулі өзгеріс әкеледі деп сенеді ццифрлық даму министрі. Экономика тиімдірек болады, еңбек өнімділігі артып, білім саласы да дамиды, дейді Жаслан Мәдиев.
Бүгінде цифрландыру денсаулық сақтау, білім беру, жұмысқа орналастыру мен құқықтық қолдау сияқты қазақстандықтардың өмір сүру салаларының бәрін қамтып отыр. Былтырдың өзінде цифрландыру саласында 44 миллионнан астам қызмет көрсетіліпті. Бүгінде сан сала біртіндеп сандық жүйеге көшуде. Жаслан Мәдиев, тіпті, электрондық үкімет порталында жасанды интеллект негізінде виртуалды көмекші іске қосылғанын мақтанышпен айтып, сандық аватардан некені қалай тіркеуге болатынын сұрады.
Бұл сәтсіз мысалдан кейін министр өзге де электрондық қызметті алудың алғышарттарын көрсетуге тырысты. Алайда, бір өкініштісі, виртуалды көмекші әзірге тек орыс тілін меңгерген.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
— Біз тестілеуді бастадық. Қазір Назарбаев университетімен бірге үлкен қазақ тілі моделін дайындап қойдық, шығардық. Келесі қадам жаңа функциясын енгізу. Ол speech to text функциясын енгізген кезде қазақша да сөйлей бастайды.
Қазақшаға әзірге тілі келмесе де, ЖИ заңсыз ағаш кесу мен заңсыз қоқыс үйінділерін анықтауда біршама пайдасын тигізуде. Мәселен, алты жылда қоқыс полигондарының саны еке есеге азайыпты.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
— Мысалы 2018 жылы 8700 үйінді табылса, биыл 4900-ға жуық қоқыс үйіндісі белгіленді. Заңсыз ағаш кесу мәселесі күрделі мәселе, орман шаруашылығында. Біз осы жасанды интеллектіні қолданғалы 2018 жылдан бері қарай 974 фактісі белгіленді, оның ішінде 294 факті осы заңсыз кесу болып табылды. Оның 112-сі ғана осы биылғы жылы.
ЖИ әкімдерге өз аймағындағы әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын ұсынады. Бұл технология арқылы отбасылардың әл-ауқатына әсер ететін факторлар, яғни олардың табысын, баспана және жұмыспен қамту деңгейін анықтауға болады. Бұл ретте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ЖИ аймақтағы азаматтардың негізгі өтінішін талдайтынын алға тартып отыр.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
— Қазір бұл мониторинг республика көлемінде, әр аудан, облыста жүргізілуде. Деректер eOtinish, 109 қызметімен, отбасының цифрлық картасымен біріктірілген. Мәселен Қарағанды облысы, Осакаров ауданында ЖИ жұмыспен қамтуда проблема барын және жергілікті халықтың табысы жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр.
Бір қызығы, жиында тілге тиек етілген мәселелерді жасанды интеллект тыңдап, бірін қалдырмай түртіп, отырысқа шолу да әзірлеген. Сөйтіп ведомство басшыларына жік-жіктеп баяндап, тапсырма беруге де ниеті болған. Жиынға қатысушылар таңданысын жасырмады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
— Олай болса, бәріміз жұмыссыз қалатын болдық қой. Протокол өзі дайындайды, тапсырма өзі береді. Біз не істейміз?
Үкімет басшысы цифрлық даму министрлігіне келесі жылы мемқызметкерлерді ЖИ құралдарына оқыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Ал ғылым және жоғары білім министрлігі ЖИ бойынша білім беру бағдарламалары мен курстарын дайындауы тиіс. Олжас Бектенов цифрлық қызметтердің дені — қарапайым халық үшін күрделі екенін айтып, оны барынша оңайлату керек екеніне баса назар аударды.
Жаслан Мәдиев жасанды интеллекті дамыту үшін әуелі суперкомпьютерлік кластер мен суперкомпьютерлік инфроқұрылым дайындауға көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ заңнамалық актілерді шығару мен адами капиталды дамыту да маңызды бағыт. Цифрлық даму министрі келесі жылы осы бағыттарды қарқынды түрде пысықтайтынын атап өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!