Дәрігерлердің өмірі сақтандырылып, кеудесіне бейнежетон тағылады
Бейнекамера таққан дәрігер көрсеңіз, таң қалмаңыз. Жұмысында шабуылға жиі ұшырап жүрген медицина қызметкерлері енді кеудесіне бейнежетон тағуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақ халаттылардың өмірін қорғау үшін осындай амал жасаймыз деп отыр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
25.12.2024
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
— Бұл сұрақ соңғы жылдары күн тәртібінен түспей тұр. Өйткені қызметін атқарып жүрген мамандарымызға шабуыл жасау азаймай отыр. Сондықтан кәдімгі полиция қызметкері сияқты бейнежетонмен қамтылады. Бұл аса қиын емес. Қазір осы мәселе қарастырылып жатыр.
Көрінгенге жұдырық ала жүгіретін тентекке қызметін атқарып жүрген кез келген медицина қызметкері жолығуы мүмкін. Ондайға жазаны қатайту үшін Қылмыс кодексіне өзгерістер енгізу туралы ұсынысын министрлік құзырлы органдарға жолдаған. Енді бейнежетонмен қамтамасыз еткіміз келеді, дейді министр. Өйткені ақ халаттыларға шабуыл жасау тым жиілеп барады. Соңғы бес жылда осындай әрекет 158 рет қайталанған. Биылдың өзінде көмекке келген дәрігерлерге тоғыз рет шабуыл жасалыпты. Енді көмекке келген маманға күш көрсетіп шабуыл жасаса, бейнетаспаға түсіп, жазасы да қатаяды. Сондай-ақ дәрігерлердің өмірі де сақтандырылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!