{metadescription}
Әр азамат үйде ұстаған жан-жануарын тіркеуден өткізуге міндетті
Әр азамат үйде ұстаған жан-жануарын тіркеуден өткізуге міндетті

Әр азамат үйде ұстаған жан-жануарын тіркеуден өткізуге міндетті

Енді әр азамат үйде ұстаған жан-жануарын тіркеуден өткізуге міндетті. Олай болмаған жағдайда 37 мың теңге айыппұл арқалайды. Қазір Алматы, Астана мен кейбір ірі шаһарларларда арнайы инспекторлар үй-үйді аралап ит-мысықтың төлқұжатын түгендеп жүр. Бір шаңырақта оннан астам ит-құс асырап көршілерінің мазасын алғандарға да заң қатайтылды. Арнайы іске қосылатын Call-орталық күндіз-түні азаматтардың базынасын тыңдауға дайын.

Жаңа жылдан бастап иті орынсыз үріп, мысығы мияулап, мазаны алған көршіңіз бар болса, арнайы Call-орталыққа хабарласып шағымдана аласыз. Инспекторлар бір тәуліктің ішінде келіп, үйдегі жануардың құжатының бар-жоғын тексереді. Қағазы түгел еместер ветклиникаға жіберілсе, иесінің қолына сол мезетте 37 мың теңге айыппұлдың шоты беріледі.

Асқар Әбдірахманов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы:

Ит-мысық алған кезде иесі оны тіркеуге міндетті. Ол үшін жауапкершілік қарастырылған. Тіркелмеген болса, оған да айыппұл салынады   10 АЕК. Бізде қоғамдық инспекторлар бар, үй-үйді тексеретін.

Әзірге Call-орталықтың нөмірі белгіленбеген. Белгілісі, баласына жан-жануар атаулыны ермекке алып, қызығы басылған соң, үш-төрт айдан кейін далаға лақтырып тастайтындармен әңгіме басқаша болмақ. Себебі: Астанадағы қаңғыбас ит-мысықты ұстайтын мемлекеттік екі орталық жануарға лық толған.

Асқар Әбдірахманов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы:

Егер адамдар ит пен мысықты екі-үш ай асырап, одан кейін далаға тастап кететін болса, онда жауапкершілік қарастырылған   әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 407-бабы бойынша.

Қаладағы баласы әдетте жан-жануардан жатырқап, үрке қарайтыны белгілі. Соны пайдаланып кәсібін дөңгелетіп жүрген контакт зообақтардың иесіне де тықыр таянды. 1-қаңтардан бастап мұндай кәсіп иелері әрбір тіршілік иесін аман-сау күйі жалпылама зообаққа апаруға міндетті.

Андрей Ким, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасының орынбасары: 

Контакт зообақтарға қатысты, мұндай нысандардың басшылары жаңа жылдан бастап барлық жануарды өз күтіміне қарай кәдімгі зообаққа үлестіруге міндетті. Ал егер кейбірін өзіне алып қаламын деп шешсе, міндетті түрде сол жан-жануардың құжаты болуға тиіс. Әрине, бұл тізімде жабайы аң-құс болмауы керек. Қолда бар мақұлығын өткізуге ерінсе, оны қолдан өлтірмейтініне сенімдіміз.

Экологтар бас қосқан жиында қазақ қасиет тұтқан киелі киік те сөз етілді. Мамандар соңғы екі жылда ақбөкендеріміз бұрын-соңды мұндай жылдамдықпен көбеймеген деп отыр. Тек егізден төлдейтінді шығарған киіктер бұл қарқынмен көктемде 6 жарым миллион басқа жетуі мүмкін. Жануарлардың мұндай нөпіріне шаруалар шырылдайтынын қазірден болжап отырған экология министрлігі көршілес мемлекеттермен арнайы келісім негізінде темір қоршауларды алып тастап, көш түзуіне мүмкіндік бермек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде