«Эмбраер190» апаты: Қаза тапқандардың жеке басына қатысты мәліметтер анықталып жатыр
Бакуден Грозный қаласына бағыт алған ұшақ Маңғыстау жерінде апатқа ұшырады. Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі әуе кемесі күндізгі сағат 11 шамасында Ақтау әуежайына үш жақырым жетпей құлаған. Бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. «Эмбраер 190» ұшағы тұманға байланысты Грозный әуежайына қона алмапты. Сондықтан Махачкалаға бұрып, бірақ кейін Ақтау халықаралық әуежайына қонбақшы болған. Бірақ Каспий теңізінің үстінен қалықтап өткен ұшақ құрлыққа жете бере төмен құлдилаған. Оқиға орнынан КТК тілшісі баяндайды.
Автор: Ислам Қабылұлы
25.12.2024
«Эмбрайр 190» ұшағы Ақтау әуежайына үш шақырым жетпей осы маңда апатқа ұшыраған. Бакуден Грозный қаласына бағыт алған әуе кемесінен ақау шығып, пилот Ақтау әуежайына қонуға рұқсат сұрапты. Алайда әуежайға таяқ тастам жердегі Сайын Шапағатов ауылының маңында құлап отқа оранды. Ұшақтың алдыңғы бөлігі түгел жанып кеткен.
Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Соның 32-сі тірі қалды. Оқиға орнына жедел түрде 52 қызметкер мен 11 техника тартылған. Олар отқа оранған ұшақты сөндіріп, аман қалған жолаушыларды алып шықты.
Ерлан Сұлтанмұратов, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:
— Маңғыстау облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің барлық техникалары осы оқиға орнына келды және апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жұмыстарын жасауда. Жолаушылардың тізімі нақтылануда.
Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ тұманға байланысты қона алмаған. Сондықтан жақын жердегі Ақтау әуежайына қонуға рұқсат сұрапты. Алайда аспанда құстармен соқтығысып, басқару тетігі істен шыққан деген болжам бар. Осыдан кейін пилот Ақтау аспанында біраз қалықтап жүріп, ұшақты мейлінше аман-есен қондыруға тырысқан. Алайда жерге гүрс ете түскен ұшақ екіге бөлініп, алдыңғы бөлігі түгелдей отқа оранған.
Ал бір ажалдан аман қалған жолаушылар бірден Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендердің 11-і ауыр жағдайда дейді дәрігерлер. Сондай-ақ періштесі қаққан екі бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылған. Аталған оқиғаға байланысты облыстық көпсалалы ауруханасында қосымша хирургия, травматология және реанимация төсек-орын дайындалды.
Бекболат Ізбасаров, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
— Барлық медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Медициналық көмектің барлық құрамы жұмылдырылды.
Апат болған аймақ толық қоршауға алынып, қазір ешкім кіргізілмейді. Ал әуе кемесінің құлаған сәтін алғаш болып Маңғыстау өңірлік элктроторап компаниясының қызметкерлері байқапты. Елден бұрын оқиға орнына жеткен куәгерлер орындыққа қысылып қалған 15 шақты жолаушыны қауіпсіз жерге шығардық дейді. Қазір қаза тапқандардың денесі мейітханаға жеткізіліп, жеке басына қатысты мәліметтер анықталып жатыр. Ұшақ бортында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Әзірбайжан азаматтары болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!