Мәулен Әшімбаев ұшақ апатында хайп қуудың қажеті жоқ екенін ескертеді
Ақтау маңына құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы ұшағының нақты неден құлағаны туралы айту әлі ерте. Оқиға орнында Қазақстан, Әзірбайжан мен Ресей мамандарынан құралған арнайы комиссия кешеден бері жұмыс істеп жатыр деп хабарлады сенат спикері Мәулен Әшімбаев. Төрағаның айтуынша, асығыстық танытып, түрлі қауесет тарату — этика тұрғысынан да, құқықтық жағынан да қарама-қайшы әрекет болып саналады.
Автор: Айжан Шамшидин
26.12.2024
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
— Бұл жерде әр түрлі алыпқашпа әңгімеге баруға болмайды. Былай болған екен, мынадай себеппен жарылған екен деген қазір атүсті жасалған сараптама негізіндегі әңгіме таратпау керек. Сонымен қатар, сол апат болған жағдайдың апат болған жерден видео-фото тарап жатыр ғой. Оның да еш қажеті жоқ деп есептеймін.
Мәулен Әшімбаев талайлардың өмірін жалмап кеткен бұл ұшақ апатында хайп қуудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Барлық расталған ақпарат алдағы күндері ашық дереккөздерде жарияланады. Қауіпсіздік туралы сөз қозғаған спикер көліктің қай түрі болмасын, әуе немесе темір жолда азаматтардың қауіпсіздігі басты назарда болу керек екенін айтты.
Сенат депутаттары да қиын сәтте қазақстандықтардың жұмылған, жұдырықтай бірлесе әрекет еткенін зор ілтипатпен айтты. Жедел жәрдем дәрігерлері мен төтенше жағдай қызметкерлері жылдам көмек көрсетіп, құтқарушылар ың-шыңсыз барлық әрекетті дұрыс ұйымдастыра білгенін Әзірбайжан ақпарат құралдары атап өтті.
Кеше Бакуден-Грозный қаласына бағыт алған ұшақ Маңғыстау жерінде апатқа ұшырады. Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі әуе кемесі күндізгі сағат 11 шамасында Ақтау әуежайына үш жақырым жетпей құлаған. Бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
Геннадий Шиповских, Сенат депутаты:
— Тек Маңғыстау облысында емес, барлық облыстағы азаматтарымыз қан орталықтарына барып, жұмыла көмектесті. Бұл біздің азаматтардың жомарттығы, сонымен қатар бірліктің мызғымастығының көрсеткіші. Енді сол апттың өзіне келетін болсақ, әрине, қазір түрлі теория айтылып жатыр. Бірақ қазір арнайы комиссия құрылды. Тіпті бразилиялық «Эмбраер» компаниясының азаматтары да келе жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!