«Эмбраер190»: Ақтауға медициналық жүк жеткізілді; жарты тәулікте 90 адам қан тапсырған
Ақтөбеден Ақтауға ұшақ апатынан зардап шеккендерге арналған медициналық жүк жеткізілді. Маңғыстаулық дәрігерлер көрші өңірден шұғыл жіберу керек дәрілердің тізімін жолдаған. «Барлығын тауып бердік», - дейді мамандар.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.12.2024
Асхат Балықов, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
— Альбумин, адреналин және ауырсынуды басатын дәрілер Ақтауға арнайы жүкпен жіберілді. Олар апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағынан зардап шеккендерді емдеу үшін қолданылады. Көрші аймақтағы әріптестердің сұрауы бойынша Ақтөбеден үш медициналық дәрі-дәрмектен 150 флакон автокөлікпен жіберілді.
Ақтөбеден жөнелтілген дәрі-дәрмектерді кез келген көлікпен тасымалдауға болмайды. Тек арнайы жабдықталған машиналармен ғана апарады. Ол көліктер кеше кешкілік жолға шығып, бүгін Ақтауға жеткен. Ал альбумин дәрісінің өзі тым қымбат және табыла бермейді. Ауырсынуды басатын өзге дәрілердің де қазір қат кезі. Сондықтан медициналық қоймадан алып беріпті. Одан өзге Ақтөбедегі қан орталығына таң атасымен келушілер көбейді.
Астанадағы қан тапсыратын мекемеде де осындай жағдай. Әсіресе жастар көптеп келуде. Кеше жарты тәулік ішінде 90 адам қан тапсырып, жүз дозаны Ақтауға жолдаған.
Әйгерім Сағамбаева, Донор кадрларын жинақтау бөлімінің меңгерушісі:
— Кеше бізге келген донор саны тоқсанға жуық болды. Сағат екіде ұшақпен жүз доза Ақтау қаласына қан жібердік. Бүгін түске дейін 170-ке жуық адам келді. Біз қабылдап жатырмыз. Қан тапсырамын деп келген адамды қабылдаймыз. Бүгін-ертең сегіз жарымнан екіге дейін күнделікті жұмыс істейміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!