Ақтауда ұшақ апатынан опат болған қазақстандықтар жайлы толық мәлімет
Ақтауда ұшақ апатынан опат болған қазақстандықтар жайлы толық мәлімет пайда болды. Қаза тапқан 6 адамның үшеуі — Маңғыстау облысынан, біреуі қостанайлық және 11 жасар ұлы мен анасы бар. Олар Астанада тұрған. Марқұмдардың бірі еңбек демалысын өткізуге бара жатса, енді бірі Жаңа жылды қарсы алуға аттанған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
26.12.2024
Қабырғаны қайыстырған қаралы хабар қазақстандықтарға да оңайға түспеді. Бакуден Грозныйға ұшып бармақ болған астаналық Гаухар Шәймерденова 11 жасар ұлы Ельдармен сонда жаңа жылды қарсы алмақшы болған. Грозныйға Ельдардың досының ата-анасы қонаққа шақырыпты. Олар Қазақстаннан сол жаққа қоныс аударса керек. Өкінішке қарай, Астанада 20 жылдан аса нотариус болған 49 жастағы Гаухар мен 11 жастағы ұлының мерт болғаны жайында қаралы хабар жеткен.
Әйгерім Айкешова, Астана қаласының нотариалдық палата төрайымы:
— Біз оны өте жауапты, адал, кәсіби білікті маман ретінде бағалаймыз. Солай мәңгілік есімізде қалады. Әріптестері үшін де бұл орны толмас қаза болды. Гаухар — екі баланың анасы. Үлкен ұлы — студент. Ол Австралиядан келген еді. Сағынып келген, сөйлесіп, мауқын да баса алмады. Қолында қарт анасы бар болатын.
Апат кезінде мерт болғандар арасында екі кенші де бар. 36 жастағы Сәндібек Төлесінов "Өзенмұнайгаз" компаниясының мердігері болған. Жаңаөзендік жігіт мұнай саласында 16 жыл еңбек еткен. Марқұмның артында әйелі мен төрт баласы қалды.
Ал 39 жастағы екінші кенші Бауыржан Жұмағұлов кен орнында бұрғылаушы болыпты. Олар еңбек демалысына кетсе керек. Марқұмдар жайлы әріптестері былай деп еске алады.
Сәндібек-жақсы жігіт еді. Сабырлы, өз ісін білетін, жұмысына жауаппен қарап, тыңғылықты орындайтын. Ұжымға сыйлы адам болды. Бауыржан өте шыншыл, әділ және жомарт жан еді. Тек жақсылыққа ұмтылудың және адамгершілік құндылықтарын ұстанудың үлгісі бола білген ардақты азаматтардың жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталады.
Галина Мақсұтова да Ақтау қаласынан екен. 46 жастағы әйел Ақтауда жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Грозныйға бара жатқан әйелдің тағдырына туған жерінде жантәсілім ету жазылыпты.
Қостанай облысының тумасы Сәлима Джутаева да осы ұшақта мерт болды. 29 жастағы Сәлима Қарағандыда тіс дәрігері болып істеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!