Әзірбайжан халқы ұшақ апатынан қаза тапқандарды аза тұтып жатыр
Ту төмен түсіріліп, мәдени шаралар кейінге шегерілді. Кешегі әуе апатынан кейін бүгін Әзірбайжан халқы қаза тапқандарды аза тұтып жатыр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
26.12.2024
Бұйрыққа бұған дейін ел президенті Ильхам Әлиев қол қойған болатын. Осыдан кейін Бакудегі бүкіл жаңа жылдық шыршалардың шамдары сөндірілді. Қазір ресми мекемелер мен алаңдардағы тулар төмен түсірілген. Ал тұрғындар қайтыс болған жолаушыларды бір минут үнсіздікпен еске алып, мешіттерде құран бағышталды. Халық Бакудегі Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайына гүл шоқтарын апарып қойып жатыр.
Бауырлас елдің қайғысына ортақтасқан қазақстандықтар да Астанадағы Әзірбайжан елшілігі алдына келіп қолдау көрсетуге тырысуда. Кешеден бері сонда түрлі этнос өкілдері, қоғам белсенділері мен тұрғындар гүл әкеп, жұмсақ ойыншықтар қойып, қаза тапқандардың отбасына қайғыра көңіл айтты.
Наргиза Махмұдова, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:
— Аман қалған адамдарымыздың әрі қарай тезірек сауығып, өз отбасына қосылуына тілектеспіз.Әзірбайжан халқына, отбасы мүшесін жоғалтқан жандарға көңіл айтамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!