Embraer 190 апаты: Аман қалған 29 жолаушының тоғызы — Ресей азаматы
Ақтауда ұшақ апатынан зардап шеккен жолаушылардың беті бері қарай бастады. Аман қалып, ауруханаға жеткізілген 29 науқастың тоғызы — Ресей азаматы. Олар бүгін санавиациямен Мәскеуге эвакуацияланды. Қазір қалған 20 науқас дәрігерлердің жіті бақылауында. Оның алтауы жансақтау бөлімінде жатыр. Бір науқастың жағдайы өте ауыр дейді дәрігерлер. Ал экипаж мүшелерінен тек үш бортсерік аман қалды. Науқастарға жан-жақты көмек көрсету үшін Астанадан, Әзірбайжан мен Ресейден білікті дәрігерлер келді. Әуе апатынан зардап шеккендермен және олардың туыстарымен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Автор: Ислам Қабылұлы
26.12.2024
Әуе апатынан аман қалып ауруханада жатқан науқастарға жан-жақты ем-дом көрсетілуде. Қосымша көмек ретінде Астанадан, Әзірбайжаннан және Ресейден білікті дәрігерлер шақыртылған. Олар төсекке таңылған 29 науқасқа ота жасап, сапалы медициналық көмек беріп жатыр. Бір ажалдан аман қалғандардың тоғызы — Ресей азаматы. Оның ішінде бір бала бар. Бүгін таңертең Ресейдің санитарлық авиация борты бұл науқастарды өз Отанына алып кетті.
Ауруханада жанарында үрей мен үміт арпалысып, туыс-туғанына келіп тұрғандардың қарасы қалың. Олар есік жаққа елеңдеп, дәрігердің қолындағы тізімнен өз жақындарының аты-жөнін сұрастырып жатыр. Солардың бірі – Әзірбайжан елінің тумасы Сафар Ибрахимоғлы. Оның 52 жастағы келіні Шешенстанға қызына бара жатқан екен.
Сафар Ибрахимоғлы, Әзірбайжан азаматы:
— Менің келінімнің тірі екені туралы ақпарат бар. Бірақ ауруханаға жеткізілгендердің тізімінен таба алмай жатырмыз. Ол туралы ештеңе біле алар емеспіз. Ақпаратты нақтылайтын боламыз. Ол мүгедек болса да, үмітімізді үзбейміз. Келінім 1972 жылы туған. Оның екі баласы және немересі бар. Ол Шешенстанға қызы мен немересін көруге ұшып бара жатқан еді.
Апатқа ұшыраған ұшақта үш Қырғызстан азаматы болған. Үшеуі аман қалды. Бірі қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Олар Грузияға тікелей рейс болмаған соң, Баку арқылы билет алыпты. Үшеуі де 20-ның ар жақ-бер жағындағы өрімдей жас жігіттер. Ұшақ апатқа ұшыраған сәттің ешбірі олардың есінде жоқ, - дейді Маңғыстаудағы қырғыз диаспорасының өкілі.
Мамытқадыр Нарқозиев, Қырғыз этномәдени бірлестігінің басшысы:
— Борттағының ешбірі есте қалмайды. Ішінде біреуі демалып, өз-өзіне келіп, екеуін көмектесіп алып шығып тұр. Жақсы. Борттағыны есіне түсіре алмайды. Оның себебі, кеше кеңірек сөйлесе алмадым. Дәрігерлердің алдында көп сөйлесуге де болмады. Бұйырса, қазір кіріп шығамын.
Ал апаттан ажал құшқан 38 жолаушының денесі мәйітханаға жеткізіліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Алты Қазақстан азаматы мен үш ұшқыштың да денесі бар. Әзірге жеті адамның жеке басына қатысты мәліметтер анықталған. Ал дәрігерлер жансақтау бөліміндегі науқастардың беті бері қарай бастады дейді.
Жанар Байманова, Маңғыстау облысы медициналық қызмет сапасын қадағалау бөлімінің басшысы:
— Жансақтау орталығында қалған жеті науқастың екеуі бүгін бөлімшеге ауыстырылды. Қалған бес науқас жансақтау орталығында, бақылауда. Оның бірі ауыр жағдайда деп бағаланады. Ал қалған науқастарымыз хирургия, травматология және нейрохирургия бейімдері бойынша клиникалық хаттамаға сәйкес емделіп жатыр.
Оқиға орнында Azerbaijan Airlines ұшағының қирандылары мен бөлшектерін жинау жұмысы жүріп жатыр. Оған 306 адам, 101 техника, 2 тікұшақ пен 6 кинологиялық топ жұмылдырылған. Сондай-ақ әуе апатының себеп-салдарын анықтайтын үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!