«Көп рақмет». Әуе апатынан зардап шеккен 14 Әзірбайжан азаматы Отанына оралды
Маңғыстауда әуе апатынан зардап шеккен 14 Әзірбайжан елінің азаматы Отанына оралды. Оның ішінде аман қалған екі бортсерік пен бір жасөспірім бар. Олар ауруханада қажетті ем алып, жағдайы тұрақталған соң Бакуге аттанды. Қазір облыстық ауруханада үш Әзірбайжан және Қырғызстан елінің үш азаматы емделіп жатыр. Оның төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Төрт науқастың да өкпесіне жасанды желдеткіш аппараты қосылған. Біреуінің жағдайы өте ауыр дейді дәрігерлер.
Автор: Ислам Қабылұлы
27.12.2024
Зардап шеккендерді шығарып салу рәсіміне аймақ басшылары, ел ақсақалдары, жастар мен қоғам өкілдері қатысты. Маңғыстаулықтар бауырлас елге жылы тілектерін айтып, қолдау білдірді. Бауырлас Әзірбайжан елінің өкілдері де алғыс жаудырып жатыр.
Нәдір Әзіроғлы, Әзірбайжан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі:
— Барлық науқасымызға көрсеткен көмектеріңіз үшін алғыс айтамыз. Сондай-ақ рухани тұрғыда қолдау білдірген Ақтау қаласының тұрғындарына ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Бауырластық қиыншылықта танылады. Біз қазір бастан кешіп жатқан осы қиын күндерде Қазақстан халқы бізбен бірге болып, туындаған барлық мәселелерде бізді қолдап келе жатыр. Каспий теңізі бізді бөліп қана қоймай, біріктіретінін де өз сөзіме қосып өтер едім. Сондықтан сіздерге көп рақмет!
Ал ауруханада қалған алты науқастың төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жасанды дем беру аппараты арқылы тыныстап жатқан науқастар медикаментозды ұйқыда, - дейді дәрігерлер.
Бақытжан Қойбеков, Маңғыстау облысы көпсалалы ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі:
— Бір науқас ауыр күйде түсті. Қазір бізде қалған науқас саны – төртеу. Оның үшеуі — Әзірбайжан елінің азаматтары. Біреуі —Қырғызстан азаматы. Төртеуіне де өкпені жасанды желдету аппараты қосылған. Оның біреуі өте ауыр жағдайда. Барлық керекті емді жасап жатырмыз.
Алты науқастың екеуі травматология бөлімінде емделуде. Ақтауда қалған шетелдік науқастар тасымалдауға әзірше жарамсыз.
Жанар Байманова, Маңғыстау облысы медицина қызмет сапасын қадағалау бөлімінің басшысы:
— Әзірбайжан Республикасынан да санитарлық авиация бортымен келді, дәрігерлері, мамандары. Алайда біздегі қалған науқастары өте ауыр жағдайда. Яғни тасымалдауға жарамсыз. Сондықтан да біздің елде қалды. Онымен қатар қазір Әзірбайжан Республикасының өкілдерімен тығыз байланыста. Дәрігерлер осында қалған. Үнемі жағдайын біліп, тасымалдауға мүмкіндігі бар ма, жоқ па, соны бағалайтын болады.
Ұшақ апаты болған күні ауруханының әртүрлі бейіндегі 70-тен аса дәрігері аяғынан тік тұрып, қарлығаш көмегін көрсеткен. Тек қана дәрігерлер емес, ауруханының орта, кіші буын қызметкерлерінің еңбегін айта кетуіміз ләзім. Егер қандай да бір оқыс оқиға бола қалса, аурухана дәрігерлері «жаппай қабылдау» бағдарламасы бойынша кез келген жағдайға дайын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!