Azerbaijan Airlines апатқа ұшыраған лайнердің әрбір жолаушысына өтемақы төлейді
Azerbaijan Airlines апатқа ұшыраған лайнердің әрбір жолаушысына өтемақы төлейтін болды. Әзірбайжанның ұлттық әуе компаниясы қаза тапқандардың отбасына 40 мың манаттан, біздің ақшаға шаққанда 12 миллион теңге, ал зардап шеккендерге 6 миллион теңге береміз деп шешіпті.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
27.12.2024
Ал Қазақстан тарапы өзіміздің қаза болған азаматтардың отбасына бірреттік 5 млн теңге көлемінде материалдық көмек бөледі. Бұл туралы брифинг премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Оған қоса, міндетті сақтандыру төлемін де алады. Сонымен қатар мемлекеттен тағайындалатын ай сайынғы жәрдемақы да бар. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары асыраушысынан айрылғандар, көпбалалы отбасылар қамқорлықсыз қалмайтынын мәлімдеді. Төлем мөлшері қара жамылған отбасының жағдайына байланысты.
Еске салайық, Баку-Грозный рейсі 25 желтоқсанда Ақтау маңына құлап 38 адам опат болған. Олардың алтауы — отандасымыз.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Үкіметтік комиссия төрағасы:
— Кеше түнде әкіммен келістім, біржолғы көмек 5 миллион теңге болады. Қазақстан азаматтары ай сайын 500 мың теңге көлемінде жәрдемақының екі түрін алады. Көпбалалы отбасы болса немесе асыраушысынан айырылса, ай сайынғы төлем одан да көп болуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!