Баку халқы әуе апатында мерт болған борт командирі Игорь Кшнякиннің үйінің алдына ту тікті
Баку халқы апаттан қайтыс болған Игорь Кшнякин тұрған үйдің алдына ту тікті. Марқұм Ақтау маңына құлаған Embraer 190 бортының командирі болған. Тірі қалғанда небәрі екі айдан кейін зейнетке шығар еді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
27.12.2024
Бүгін таңда әзірбайжандықтар оған құрмет көрсетіп еске алу үшін Кшнякин тұрған подъездің алдына мемлекеттік туды көтерді. Халық сонда гүл шоқтарын әкеп қойып жатыр. Капитан әуе кемесін теңізге құлатпай, құрлыққа барынша жұмсақ қондыруға талпынған деп жазуда әзірбайжандық басылымдар. 15 мың сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар маман апатты жағдайға байланысты Ақтауға бұруға шешім қабылдаған.
Ал екінші пилот Александр Калянинов — Баку еуропалық лицейінің түлегі. Үздік студенттердің бірі болып тәмәмдаған екен. Бала күнгі арманы орындалғанымен, өмірі ерте үзілді.
Әуе апатынан ажал құшқан тағы бір экипаж мүшесі – Хокума Әлиева. Бортсерік ұшақ төмен қарай құлдилап бара жатқанда жолаушыларды сабырға шақырған. Оның борттағы "бәрі жақсы болады" деген соңғы сөзі жолаушылардың есінде мәңгі қалары анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!