Аяз ата мен Ақшақар шақырамын деп алданып қалмаңыз
Аяз ата мен Ақшақар шақырамын деп алданып қалмаңыз. Полиция жаңа жылдық мереке кейіпкерлерін отырысқа немесе балалардың шыршасына жарнама арқылы шақырарда сақ болуды ескертіп отыр. Өйткені халықтан алдын ала тапсырыс алып, төленген ақшамен ізім-ғайым жоғалатындар пайда болыпты. Ал кәсіби аниматорлар мұндай оқиғалардың, әсіресе мейрам кезінде жиілейтінін растады. Сондықтан ивент-агенттіктермен келісімшарт жасасып, төлемді қойылым соңында беру керек дейді.
Автор: Әсем Лесбек
27.12.2024
Жаңа жыл қарсаңы — аниматорлардың дәурені жүретін кезең. Әдетте ертегі кейіпкерлерінің бейнесімен туған күн, той-томалаққа баратын оларға мерекеде сұраныс көбейеді. Өйткені әрбір шара Аяз ата мен Ақшақардың құттықтауынсыз өтпейтіні рас. Сондықтан аниматорлар күніне, кем дегенде, 20 тапсырысқа дейін түсіретінін айтады.
Темірлан Ауылбаев, аниматор:
— Көбінесе балабақша, мектеп, үлкендерге арналған мерекелік корпоративтерге шығып жүреміз. Өзім аниматор болып жұмыс істегеннен, адамдарға қуаныш сыйлағандықтан жақсы әсер аламын. Менің ойымша, менімен жасты студенттерге, балаларға аниматор жұмысы тиімді.
Он жылдан бері түрлі кештің сәнін келтіріп жүрген кәсіби ивент компаниясы өкілінің айтуынша, бұл жұмыс ерекшелікті талап етеді. Елде жоқ костюм, әсерлі грим, актерлік шеберлік жағы тағы бар. Ал алаяқтар ондайға бас қатырмай, ғаламтордан алған суретті жүктеп, жарнама беріп, жұрттан тапсырыс ала береді дейді Маржан Таирова.
Маржан Таирова, Margoshar компаниясының басшысы:
— Жаңа жыл кезінде бізде жұмыс қарқынды. Күніне, кем дегенде, 10 нан 20-ға дейін тапсырыс қабылдап шақыртуға шығамыз. Мұндай кезде алаяқтар көбейтіні де рас. Әлеуметтік желіде өзін «аниматормыз» деп, өзгенің фото-видеосын қойып тапсырыс қабылдап, төлемін алып алады. Жалпы халықты кәсіби компания иесі ретінде ескерткім келеді: алдын ала ақша төлемеңіз, жүздесіп, келісімшарт жасаңыз.
Алаяқ аниматорлардың бар екенінен полиция да хабардар. Сондықтан халыққа сақ болуды ескертеді. Десе де мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тәртіп сақшылары қауіпсіздік шарасын күшейтпек.
Эльмира Шәуленова, Астана ПД баспасөз қызметінің басщысы:
— Мерекелік кейіпкерлердің кейпіне енген теріс пиғылды адамдар ұрлық немесе алаяқтық жасауға тырысуы мүмкін.Сол себепті азаматтарды белгісіз адаммен қарым- қатынас жасауда, Аяз ата мен Ақшақар бейнесіндегі актерлерді жалға алу кезінде қырағы болуға шақырамыз.
Полиция жаңа жылда, әсіресе, адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарды бақылауды қамтамасыз етеміз деп отыр. Барлығы тек халықтың қауіпсіздігі, елдің тынштығы үшін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!