Қосшы қаласына 367 шақырым газ құбыры тоқтаусыз тартылып жатыр
Астана іргесіндегі Қосшы қаласының тұрғындары алдағы жылы газ магистралі іске қосылады деп асыға күтіп жүр. Мемлекеттің 11 миллиард теңге қаражатына салынып жатқан 367 шақырым құбырды мердігер компания кезең-кезеңімен тапсыруға дайын.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
27.12.2024
60 мыңға жуық тұрғыны бар Қосшы қаласына газ магистралін тарту биыл мамыр айында басталды. Содан бері құбыр тартылып, арнайы станциялар орнатылыпты.
Нұрлан Садыров, Қосшы қаласы құрылыс бөлімінің басшысы:
— Бүгінге дейін 60 шақырымдай газ құбыры салынды. Барлығы 350 шақырым. Қазір тартылып жатыр. Тоқтамай, қыс бойы жұмыс істейміз.
Өткен тамыз айында «Самұрық-Қазына» қоры бұл жобаға 4 миллиард теңге бөлген. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, бұл қаражатты олар түгел игеріпті. Екі жылға жоспарланған газ магистралі белгіленген мерзім бойынша жүргізіліп келеді.
Асхат Қосалиев, «Әлиясервис» ЖШС өндіріс шебері:
— Қосшы бойынша жоғары, орта және төмен қысымды газ құбырлары салынып жатыр. Бүгінгі күні тоқтап тұрған жұмыс жоқ. Бәрі де жоба, кесте бойынша.
Жоба екі кезеңге бөлінген. Келесі жылы 15 мың абонентке көгілдір отын жеткізілмек. Осы сәтті қыстың көзі қырауда от жағатын қосшылықтар асыға күтіп жүр.
Алтынбек Ғазизов:
— Экология жағынан да жақсы ғой, газ болған. Жазда беріледі деп жатыр. Халық күтіп жүр.
Көгілдір отын алдымен жекеменшік жер үйлерге беріледі. 2026 жылы қала толық газдандырылады, - дейді мердігер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!