Жаңа жыл түні жұмыс істейтін мекемелерде дау-дамай көбейеді екен
Жаңа жыл түнін жұмыста қарсы алатын тұрғындар жетерлік. Мейрам жақындаған сайын түнгі аусыммен жұмыс істейтін мекемелерде кезекшілікке қатысты дау-дамай көбейеді екен. Себебі, көбісі дастарқан басында, отбасының қасында болғанды қалайды. Ең қызығы, айтыс-тартысты басшының шешімінен бөлек, жеребе тартып та шешетін компаниялар бар. КТК тілшісі жылдар тоғысатын түнде жұмыста болатын азаматтармен жүздесіп қайтқан еді.
Автор: Жаңалық Ахаш
30.12.2024
Ақтөбедегі облыстық аурухананың жарақат алған науқастарды қабылдайтын бөлімінің есігі бір сәтке де жабылған емес. Әсіресе қыста мұндағы мамандардың тілдесуге уақыты болмай жатады. Мұзға тайып жығылғандар, жол апатына ұшырағандар, одан басқасы да көмекке жүгінеді. Осындай қарбаласқа қарамастан, мейірбикелер қағаз қораптан ерекше шырша безендіріп, сынық жарақатын таңатын гипстен аққала мен келер жылдың иесі —Жыланның мүсінін жасапты.
Травматолог Бағлан Рахметов жаңа жылды осымен тоғызыншы рет ауруханада қарсы алмақ. Дәрігерлердің жұмыс кестесі жыл басында қабылданады. Көнсең де, көнбесең де, сол кестемен жұмыс істеуі керек. Жұрт жаңа жылды тойлап жатқанда, көрші бөлмедегі әріптестерді құтықтауға мұршаң да болмайды, дейді ол.
Бағлан Рахметов, Ақтөбе облысы ауруханасының травматолог-дәрігері:
— Сағат он екіде көбіне бір жарты сағат тыныштық болуы мүмкін. Бірақ ондай қатты болмайды. Көбіне науқастар түседі, қолымыз тимейді, тіпті жаңа жылды қарсы алуға. Содан бірер минут болса, тек бір-бірімізді құттықтаймыз, ал бөлімшелерге хабарласып, құттықтау рәсімін жасауға да қолымыз тимей қалады.
Кейбір мекемеде жасы үлкендері жаңа жыл түнін отбасы қасында қарсы алуға жастарға жол береді. Биыл ғана зейнеткер атанған көкшетаулық Көшербай Тоқсанбаев солай жасаған. Зауыттың электр жүйесіне жауапты жұмысшы желтоқсанның соңғы күні таң азаннан «қасқа ат» деп атаған велосипедімен шығады. Ерте барып, әріптестерін құттықтап, түнде жақындарына лебізін ұялы телефон арқылы жеткіземін деп отыр.
Көшербай Тоқсанбаев:
— Жаңа жылды жұмыста қарсы алайын деп жатырмын. Ауысым болғасын келе береміз. Жастар келмейді жұмысқа, жетіспейді. Зауытқа да электрик керек, цехтарға да.
Тәртіп сақшылары жаңа жыл түні тұрмақ, мереке атаулының бәрінде тыным таппайды. Жұрт демалып жатқанда жұмысы күшейтілген кезекшілікке аусады.
Семейлік жол сақшысы Медет Бейбітұлы биыл жеті жыл қатарынан жаңа жылды жол бойында қарсы аламын деп жоспарлап отыр. Оған Семей - Павлодар тасжолындағы қауіпсіздікті қамту жүктелген.
Медет Бейбітұлы, Абай облысы ПД патруль полиция ротасының капитаны:
— 2013 жылдан бері жұмыс істеп жатқан кезде, жетінші жыл болды, жаңа жылды осылай, жұмыста, тасжолда қарсы аламыз. Халық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрміз. Жол ережесін бұзудың алдын алу, жол-көлік оқиғасының алдын аламыз.
Жаңа жыл түнін жұмыста қарсы алуға үйренгендер қатарында әскерилер, құтқарушылар, жедел жәрдем қызметкерлері бар. Ал жекеменшік компанияларда бұл мәселе арнайы қаралып, кейде әріптестер дауласып жатады дейді мамандар. Ондай кезде жеребе тастап, кімнің жаңа жыл түні жұмыста болатынын шешетін жағдай да кездеседі екен. Ең бастысы, жаңа жылдың қалай өтері кімнің үйде, не түзде қарсы алуында емес — мерекелік көңіл күйге байланысты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!