Астана – Петропавл жолында 95 көліктің быт-шыты шыққан — қылмыстық іс қозғалды
Жол азабын жүрген білер. Астана – Петропавл күре жолында 3 қаңтарда болған жол апатының жаңа видеосы тарады. Онда бір көлікке бір көліктің соғылып жатқанын анық көруге болады. 95 көліктің быт-шыты шыққан жол апатында 31 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Олардың 8-і — бала. Ал жол апатына кінәлілерді анықтау үшін полиция қылмыстық іс қозғады.
Автор: Мерген Тоқсанбай
06.01.2025
Көктайғақ пен бұрқасынға қарамай жолға шыққан жолаушылар қыстың көзі қырауда жолда қалған. Ауа райының қолайсыздығы жайында ескерту хабарламаны елемеген жүргізушілердің кейбірі жылдамдық асырып, жол ережесін бұзды. Ал аяқ-қолы сынып, миы шайқалып, басқа да жарақат алған жолаушылар Бурабай, Бұланды, Ақкөл аудандарындағы ауруханалар мен Көкшетаудағы облыстық балалар ауруханасындағы дәрігерлердің бақылауында. Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап кетті.
Гүлнар Пинчук, Ақмола облысы ПД ақпарат саясаты бөлімінің басшысы:
— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Апат жол ережелерін бұзып, жылдамдықты шамадан тыс асырып, ара қашықтықты сақтамағаннан болған. Сондай-ақ 19 жастағы Астана қаласының тұрғыны күре жолда жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзып, қауіпті жағдай туғызғаны үшін айыппұл төлейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!