Қаңтар оқиғасына — 3 жыл. Қарапайым халықты арандатқан кім?
Қаңтар оқиғасына үш жыл толды. Қасіретті күндер қоғам қабырғасын қайыстырды. Бейбіт басталған митинг не себептіі қанды оқиғаға ұласты? Қарапайым халықты арандатқан кім? Қаңтар хронологиясын електен өткізсек.
Автор: Асқарбек Қазанғап
06.01.2025
2022 жыл. 1 қаңтар. Ел-жұртты Жаңаөзеннен жеткен жаңалық елең еткізді. Жұрт газ бағасы 60 теңгеден 120 теңгеге дейін күрт көтерілгеніне наразы болып алаңға жиналды. Шерушілердің ширығып бара жатқаны алаңдатты. Батыс өңірдегі көліктердің дені газбен жүретінін ескерсек, құнды негізсіз көтеру қасақана ұйымдастырылды деген болжам бар.
2 қаңтар. Жаңаөзендегі орталық алаңға ағылып жатқандардың қарасы көп. Газ бағасына наразы болғандардың саны мыңнан асады. Оларға Ақтау мен өзге қалалардағы тұрғындар үн қосып жинала бастады. Ендігі әңгіме тек газ емес, жалпы тіршілік туралы.
3 қаңтар. Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында да шеру басталды. Ақтауда алаңға мыңдаған адам жиналды. Киіз үй тігіп тастаған. Құзырлы органдар да сабырлы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірден мәлімдеме жасады. Қордаланған мәселе барын, оның шешілетін хабарлады.
4 қаңтар. Сындарлы сәт. Ақтауда ортақ мәміле табуға тиіс үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатқанда наразылық шеруі елдің басым бөлігін шарпыды. Жиналғандардың агрессиясы тәртіпсіздіктерге ұласа бастады. Дәл сол қаңтардың төрті күні бәрі осылай жоспарланғаны белгілі болды. Бір мезгілде бірнеше қалада мыңдаған адам алаңға жиналды. Ең бастысы, сол нөпірге жүздеген әлдекімдер орайлы сәтте қосыла кетті. Олар көзге түспейді. Өз міндетін мүлтіксіз орындайды.
Шымкент, Тараз, Көкшетау, Талдықорған, әсіресе Алматы. Алаңдарды құрсауға алып, көшелерді жауып жатты. Наразылық білдірушілер тарқайтын емес. Билік салқынқандылық пен сабырлық танытты. Елде әзірге интернет істеп тұр. Президент халыққа шұғыл үндеуін жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Іштен және сырттан болған сан түрлі жалған ақпараттарға сеніп ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы. Бұл — өрескел, қылмыстық әрекет. Билік құламайды. Бірақ бізге өзара сенім және өзара диалог керек.
4 қаңтар. Оқ атуға болмайды. Бұл полицияға қатысты қағида. Ал бүлікті көксегендердің өз есебі бар. Біраздан кейін қалың нөпірдің арасында наразылық білдірушілер ғана емес, нағыз лаңкестер әрекетке көшеді. Алматы бүліктің басты ошағына айналады.
Алматыдағы Республика алаңына кешке қарай бет алған бүлікшілер жол-жөнекей полиция көлігін өртеп, қирата бастады. Коммуналдық техникамен қоршауларды бұзу, бір мезгілде партруль полицияға шабуыл жасау, ұйымдасқан түрде бөтелкеге құйылған бензин, ішімдік, қолшоқпар жеткізу — алдын ала жазылған сценарий екені көрініп тұр. Қаңтардың төртінен бесіне қараған түні бәрі айқын болды.
5 қаңтар түнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жариялады. Ақтөбе, Шымкент, Тараз және Талдықорғанда жағдай кейбір күш құрылымдарының астыртын әрекетке қатысуы, әрекетсіздігі немесе сатқындығы салдарынан ушыға түсті.
5, 6 қаңтар. Қала шетінде тұрған қалың нөпір орталыққа қалай келе жатты. Лаңкестердің басты мақсаты — орталыққа жетіп, негізгі нысандарды — әкімдік, Президент әкімшілігі, телеарналар ғимаратын басып алу. Елірген топқа полиция мен Ұлттық ұлан ғана тойтарыс берді.
Әкімдікке тап бергендер ғимаратты өртей бастады. Қан төгіп есіргендер ештеңеге қарайтын емес. Олардың қолында қару пайда болды. Әкімдік бүлікшілердің қолында. Оған тақау президенттің Алматыдағы резиденциясында оқ атылып, қан төгілді. Полиция департаментінің ғимараттары мен аудандық полиция бөлімшелеріне шабуыл жасалды.
7 қаңтар. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлері Алматыға келе бастады. Олар лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы маңызды нысандарды қорғап тұрды. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының күштерін жұмылдыру 9 қаңтарда аяқталды. Биліктің тегеурінді әрекетінің арқасында бейбіт өмірдің нышаны байқалды.
Мемлекет астаң-кестең кезінде негізсіз қудалауға ұшыраған азаматтардың құқығын қорғады. Президент пәрменімен арнайы комиссиялар құрылды. Мақсаты – бейбіт наразылықтарға қатысқан, бірақ қылмыстық ниеті болмаған және қылмысқа қатысы жоқ адамдарды қылмыстық қудалаудан босату. Сондай-ақ тәртіпсіздік кезінде мүлкі жойылған немесе тоналған кәсіпкерлерге материалдық көмек көрсетілді.
2022 жылғы 16 наурызда Президент Қазақстан халқына кезектен тыс Жолдау жасап, саяси және экономикалық реформаларды жалғастырудың маңыздылығын жариялады. Бұл жолдау саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырудың маңызын айқын көрсетті. Мемлекет басшысы суперпрезиденттік басқару түрінен ықпалды Парламент пен есеп беретін Үкіметі бар Президенттік республикаға көшуді белгілейтін реформалардың жаңа топтамасын ұсынды. Қазақстанның барлық табиғи байлығы халыққа тиесілі деген норма біржола бекіді. Оның аясында «Ұлттық қор —балаларға» бастамасы қолға алынды. Бұл — ауқымды реформалардың бір парасы ғана. Сондай-ақ заңсыз иеленген активтерді қайтару туралы жарияланды
2022 жыл. 2 қараша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойды. Оған сәйкес, 1226 адам рақымшылыққа ілікті.
Президенттің реформалары мен ұстанымын кетіру әрекетімен арандатқан Қаңтар оқиғалары тарихта маңызды кезеңге айналды. Дағдарысты еңсеру бүкіл қоғамның мүддесі үшін ауқымды өзгерістерді одан әрі жүзеге асыруға жағдай жасады.
Қаңтар аласапыраны артта қалды. Сол мазасыз күндер бейбіт өмір мен бейберекетсіздік арасы тым жақын екенін қаперге салады. Қаңтар қасіреті қайталанбасын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!