Ақтөбе облысы: Жеті ауыл жарықсыз қалып, екі елді мекенде ұялы байланыс үзілген
Ақтөбе облысында жаңа жылдың басынан жеті ауыл жарықсыз отыр. Екі елді мекенмен, тіпті ұялы байланыс үзілген. Электр сымдарына қатқан мұздың кесірінен қараңғыда қалдық дейді тұрғындар.
Автор: Жаңалық Ахаш
06.01.2025
Жыл басталған айналдырған алты күнде Мұғалжар ауданына қарасты оннан аса ауыл әбігерге түсті. Күн күрт жылынып, күнара жаңбыр аралас қар жауып тұр. Түнде аяз күшейгенде электр сымдарына мұз қатып, үзіп кетіп жатыр екен. Қатқан кесек-кесек сүңгіні көтере алмай, бағаналары да құлап қалған. Ақсу ауылында 17 бағана, Сабындыкөлде 60-тан аса бағана көк мұздың салмағанына шыдамаған. Аудандағы электржөндеушілер мен коммуналдық мекемедегілер сымдардан мұзды қағуға жұмылдырылды. Отыз шақырым аумақты бір айналып келгенше, тазартқан сымдары қайта сіресіп тұрады дейді олар. Электр жарығының жоқтығынан Миялыкөл ауылы мен Құмсайда ұялы байланыс жоқ. Телефон антеннасы орнатылған мұнара электр қуатынсыз жұмыс істемейді. Ауылдардағы бағаналар жөнделіп, үзілген сымдарды жалғағанға дейін генератор арқылы жарық бермек.
Дархан Ермағанбетов, Мұғалжар ауданының әкімі:
— Мұзды түсіру бойынша жұмыс атқарып жатыр. Сабындыкөл мен Ақсу ауылында бағаналар құлады. Соны қалпына келтіріп жатыр. Аудандық коммуналдық қызмет электргенераторын алып барып, электр желісін жөндеп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!