Алматыда жол ережесін бұзу, оқыс оқиғадан жарақат алу азайған
Алматылықтар тәртіпке бағынып, сақтық шараларын ескеретін болған. Мәдени астанамыздың біраз тұрғыны 102 қызметіне полицияны мерекемен құттықтау үшін хабарласыпты. Бұл күндері жол ережесін бұзғандар да, оқыс оқиғадан жарақат алғандар жылдағыдан едәуір азайған.
Автор: Шапағат Мырзабекова
06.01.2025
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
— Тізгінге масаң күйде отырған 26 азамат ұсталып, әкімшілік қамауға алынды. Соттың шешімімен олар жүргізуші куәлігінен айырылды. Жалпы, былтырғы жылға қарағанда, қылмыстық ахуал тұрақты болды. Қылмыс 13 пайызға, осы бес күннің ішінде төмендеді.
Бес күннің ішінде полицейлер салмағы тоннадан астам контрафакті пиротехника өнімін тәркілеген. Оны заңсыз сатумен айналысып жүрген 200 азамат әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл арқалады.
Жаңа жылдық демалыс күндері тыныштықты бұзғаны үшін 23 азаматқа хаттама толтырылған. Ал тұрғындардың кейбірі мейрам түні 102-ге хабарласып, операторларды Жаңа жылмен құттықтаған.
31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында жедел жәрдем пультына бас-аяғы 23 мыңнан астам қоңырау түскен. Зардап шеккендердің тең жартысы — балалар. Науқастардың дені — үйде жарақат алғандар, күйіп қалғандар, тамақтан уланғандар.
Андрей Ложкин, Алматы жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары:
— Мереке күндері Алматыда 186 бригада жұмыс істеді. Күнделікті 500-ден астам қызметкер қоңырауларға жауап беріп отырды. Жедел жәрдем шақыру кезінде жарақат алғандар саны шамамен 10-12 пайыз. Бір қуантарлығы, бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда еш өзгермеген. Мереке күндері пиротехникадан зардап шеккендер аз болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!