{metadescription}
Шымкентте мүгедектер мен көпбалалыларға берілген баспаналар бүлініп жатыр
Шымкентте мүгедектер мен көпбалалыларға берілген баспаналар бүлініп жатыр

Шымкентте мүгедектер мен көпбалалыларға берілген баспаналар бүлініп жатыр

Шымкентте мүгедектер мен көпбалалы отбасыларға берілген баспаналар бүлініп жатыр. Тұран-2 шағынауданындағы бір жыл бұрын пайдалануға берілген үйдің жертөлесі судан құрғамайды. Ал жаңбыр жауса, шатырдан су ағады, дейді тұрғындар. Тіпті қыстың күні пәтерлер жылымайтын көрінеді. Өйткені 54 пәтерлі үйге мердігерлер жер үйге арналған шағын насос орната салған.

Осындай шағым айтқан жұрт жарты жылдан бері шенеуніктерге арыз жазған. Бірақ тұрғындардың мәселесін басшылар білмейтін болып шықты.

Тұран-2 шағынауданындағы үй көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге былтыр ақпан айында берілген. Бірақ бірінші күннен бастап азап басталды дейді. Электр жарығы күн ара сөнетіндіктен, тоғыз қабатты үйде тұратын жарымжан жандар жиі жеделсатысыз қалады екен. Құрылысты ең арзан материалдармен салған соң, әуелі әр үйдің терезесі қисайған. Одан соң линолеумдері көгеріп, қабырғалары шытынапты.

Айсұлу Қараханова:

Көпбалалы анамыз. Ипотека бойынша мына үйді алдық. Кіргенімізге бес ай болды. Не масқара! Қай мердігер салғанын білмейміз. Міне, қирап жатыр, скотч жапсырып қойдық. Терезеден жел гуілдейді. Бөлмелерде де сондай. Жылуы мынау, залдың шаршы метріне мүлдем сәйкес келмейді. Біреуін ғана қойған, қалғанын жеп қойған ба, мүлдем жылымайды.

Баспаналардың жылымау себебі  ыстық су мен жылу айдайтын сорғыдан дейді тұрғындар. Өйткені құрылысты салғандар 54 пәтерлі үйге бір жер үйге ғана жететін насос орнатқан көрінеді. Оның өзінде әлсіз сорғыны толық қосса істен шығып, күн суытқанда тұрғындар дірдектейміз деп отыр.

Қайрат Шуанов:

Насосты бір-бірден істетсек, мысалы, оның күші жетпейді, қуаты жетпейді. Қуаты жетпеген соң, үй деген суық. Халық шулап жатыр, түк нәтиже жоқ. Екеуін бірдей қоссақ, екеуі де күйіп кетеді. Бұған мықты  екіде-екі киловатт насос керек.

Тұрғындар шулаған соң, бұл үйге құрылыс басқармасының басшылары мен үйді салған мердігерлер келген. Су басқан жертөле мен сапасыз салынған құрылыстың әр тұсын көрсеткен тұрғындар баспана тұрғызғандарды бас салды. Себебі, үйді алғаннан бері қанша шақырса да, мердігерлер бірде-бір бас сұқпаған көрінеді. Тұрғындар үй мәселесін айтып әкімдікке шағымды қарша боратқанымен, құрылыс басқармасындағылар «осыған дейін білген жоқпыз» деп ақталды. Бірақ бүгіннен бастап жалпы үймен қоса, әр пәтердің мәселесін жіті қарап шығамыз деп отыр.

Мақсат Мейманалиев, Шымкент құрылыс басқармасы тұрғын үй бөлімінің басшысы:

Терезеден су өту, тұрғын үйдің жертөлесінен су өту мәселелері кепілдік мерзімде қаралады. Біз мердігер мекемеге ақау актісін түзіп, ресми ескерту беріп, барлығын реттеп береміз. Енді бүгін ақау актісін түзіп анықталған кемшіліктерге қарай, сол объективті мерзім беріледі 5 күн, бір аптадай.

Шенеуніктердің сөзіне сенсек, үйдің кем-кетігі санаулы күнде қалпына келтіріледі. Алайда уәдеге сенбейміз деген жұрт мердігерге қатысты әкім мен прокуратураға тағы шағым түсірмекші.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде