Қайырымдылық пен ем-домға жұрттан жылу жиғандардың шоты тексеріледі
Қайырымдылық пен ем-домды сылтау етіп жұрттан жылу жиғандардың шоты тексеріледі. Мемлекеттік кірістер комитеті биыл үш ай қатарынан 100 адамнан көп мобильді аударым түскен тұлғалардың қандай мақсатта ақша жиғанын майшаммен қарамақшы. Бұл санаттағы адамдарға салық салынбағанымен, ақша жинаудағы мақсатын түсіндіріп дәлелдейтін құжаттар міндетті түрде сұралады.
Автор: Айжан Шамшидин
09.01.2025
Ерсайын Көптілеуұлы, Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы:
— Садақа, қайырымдылыққа, емдік шараға қаражат жиналып жатады, мобильді аударым арқылы. Бұл кәсіпкерлік мақсатта жиналып жатқан ақша емес. Тиісінше, ол салық салуға жатпайды. Енді емдік шараға жиналған ақша болса, емдік құжаттары болады, хабарлама қалыптастыруы мүмкін. Хабарлама қалыптасқаннан кейін тиісті құжаттармен түсінік береді. Сәйкесінше, одан жеке табыс салығы төленбейді.
Мемлекеттік кірістер комитеті шетелде мал-мүлкі бар қазақстандықтардың да жиған-тергені қалай тексерілетінін түсіндірді. Инвестициялық бағалы металдар мен шотында құнды қағаздар, шетелдік қаржы ұйымдарында 4 миллион теңгеден артық қаражаты бар азаматтар декларация тапсыруға міндеттеледі. Әзірге салықшылар отандық кәсіпкерлерді тексерістің жаңа түріне дайындауда. Екінші деңгейлі банктерден былтырғы аударымдар жөніндегі мәліметке сұрау салыныпты.
Ал жеке тұлғалар назарға келесі жылдан бастап алынады. Салықшылар биыл мобильді төлемнің жай-күйін толық зерттеп алмақшы. Тума-туыс, әріптестер мен дос-жаран арасындағы қаржылық қарым-қатынасқа қатысты комитет тарапынан қандай да бір хабарлама келіп түскен жағдайда қолбалжуға негіз жоқ дейді.
Ерсайын Көптілеуұлы, Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы:
— Үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан мобильді төлем алса және олардың және оның жалпы сомасы 255 мың теңгеден асса ғана назарға ілінеді. Бұның мақсаты — төмен сома қабылдайтын адамдар, 100 теңгеден, соны бақылауға алу. Себебі: кәсіпкерлік кодекс бар. Онда ең төменгі жалақыдан аспайтын пайда табыс тапса, онда олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге құқығы бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!