«Жолға шықпа». Орталық пен солтүстік өңірде жолдар жабылды
Еліміздің орталығы мен солтүстік өңірде ақтүтек боранға байланысты жолдар жабылды. Құтқарушылар көлік жүргізушілерінен жолға шықпай, үйде отыруды сұрады.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.01.2025
Қазір Ерейментау ауданында кез келген көлік қозғалысына тыйым салынған. Астана мен Шідерті арасындағы трассаның Ерейментау тұсындағы аумағы толықтай жабық тұр. Жол сақшылары бораннан қол созым жер көрінбейтінін айтады. Алдын ала күн райы болжамына да жұрт көбіне мән бермейді дейді құтқарушылар. Осы Ақмола облысына қарасты Жақсы ауданында төрт балықшы жоғалып кеткен еді. Олар Терісаққан ауылы маңынан табылды. Көліктерінің бір бөлігі жарылған мұзға кірген. Онымен қоса қар құрсауында қалыпты. Барлығы дін аман, үйіне жетті.
Қызылжар өңірінде боранға байланысты бірнеше ауданмен қатынас үзілді. Айыртау, Есіл, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов ауданындарына көлік кіріп-шыға алмайды. Қазір мұндағы жел екпіні секундына 20 метрге дейін, ал түнде одан сайын күшейеді.
Жақсылық Абылайхан, СҚО ТЖД инженері:
— Желдің күшеюі, боран, көктайғақ. Облыстық маңызы бар жолдар барлық автокөлік түрі үшін жабылды. 10 қаңтарда түнде батыста, солтүстік, шығыста боран күтіледі. Облыстың оңтүстігінде тұман күтіледі. Балалар мен қарттарды ерекше бақылауға алыңыздар. Синоптиктердің хабарламасын қадағалаңыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!