Қарағандыда тұрғын үй өртінен екі бүлдіршін мерт болды
Қарағандыда тұрғын үйде өрт шығып, екі және төрт жасар бала иіс тиіп қайтыс болды. Құтқарушылар отқа оранған үйден тек 60 жастағы әйелді ғана тірі алып шыққан.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
09.01.2025
Андрей Михальченко:
— Мен оларды кеше ғана көргем, есік алдында ойнап жүрді. Біздің үйдің ауласына да келді. Ал бүгін таңертең олар жоқ. Үлкен қызы мен ұлы қашып шыққан. Ұлдың аты Кирилл ғой деймін. Ауыр қайғы, әрине.
Қала шетіндегі ескі үй екі отбасыға арналған. Өртенген үйде 32 жастағы ер адам төрт баласы және анасымен тұрған екен. Шешелері ажырасып, балаларды тастап бетімен кеткен көрінеді. Отағасы кеше түнде жұмыста болған. Ал тілсіз жау түнгі сағат үш шамасында шатырдан тұтатаныпты. Түтіндеген үйден 9 және 7 жастағы екі бала қашып шыққан. Өрт сөндірушілер баспанадан
ес-түссіз жатқан 60 жастағы әйел мен екі немересін алып шығыпты. Бірақ балақайлар сол күйі есін жимай бақилық болды. Қазір ересек екі бала мен әйел адам ауруханада. Мамандар өрт электр сымдарының тұйықталуынан болған деген болжам айтуда.
Думан Дәлешов, Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары:
— Ас үйде болған нәрсе ғой. Газ плитасы бар, одан басқа тамақ жылытатын плита бар. Солардың бәрі бір электр құрылғыларына қосылған болып тұр ғой. Сондықтан тұйықталу болып, орысша айтқанда, «нагрузка сетей» дейді. Пеш жағылмаған, осы түнде, кешкі алтыда жағылса, одан кейін пешті, бәрін тексеріп қарадық. Кешкі алтыда жағылған, одан кейін пешті пайдаланбаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!