Алматыда қарды кәдеге жаратады — қар еріту пункті ашылды
Қазақстандағы тұңғыш экологиялық таза жолмен қар еріту орны. Алматыда қарды кәдеге жаратуға мүмкіндік беретін еріту пункті ашылды. Қарды суға айналдырып, сүзгіден өткізіп, қаланың кәріз жүйесіне жіберіледі. Жаңа жүйе соңғы жылдары қардың көп түсуіне және қаланың инфрақұрылымына жүктеменің артуына байланысты салынған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
09.01.2025
Алматыда қалың қар жауса, оны тазалау өзекті мәселеге айналады. Әдетте коммуналшылар ақ ұлпаны көлікпен қаланың сыртына тасиды. Соның салдарынан көшені дер кезінде тазалап үлгермей жататыны бар. Енді қала билігі қар шығару уақытын қысқартудың әрі ресурс үнемдеудің жолын тапқан. Бұған Алматының орталығынан ашылған қар еріту пункті мүмкіндік бермек.
Айдар Нұрғожаев, Алматы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
– Жобаның қызметі кәріз құбырлары суымен, осы келіп түскен төрт камерада қар ерітіледі. Насос қысыммен, су қысымы келіп, қар еріп, ары қарай сүзгіге өтіп, құм мен басқа қоқыстан тазартылып, кері қарай қаланың кәріз құбырына қатадан еріп барады. Күнде пайдаланып жүрген ыстық су, суық су, жуынатын суы сүзгіден өткізіліп, жүйеге жеткізіледі.
Мұндай жолмен қар тазалау процесіне электр энергиясы не жылу қажет емес. Яғни, экономикалық тұрғыда да тиімді дейді шенеуніктер.
Мұнда тәулігіне 100 «КамАЗ» қарды ерітуге болады. Яғни бір күнде 1200 текше метр ақ ұлпаны суға айналдыруға қауқарлы. Қазір мұнда қаланың үш ауданынан жиналған қар өңделіп жатыр.
Қыркүйекте басталған құрылыс қаңтардың басында пайдалануға берілген. Мұндай технология Ресей, Жапония мен Финлянция елдерінде ертеден қолданылады. Ал Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр.
Жанат Жақыпбек, Алматының инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
– Участокте 200 «КамАЗ» қар жиналады. Соны қар тасымалданып, камераларға төгу арқылы жұмысымызды жалғастыра береміз. Тәулік бойы тоқталмай жұмыс істейді.
Соңғы күндері тек бір Алматының өзінде 16 сантиметрге дейін қар жауған. Оны тазалауға 600 техника мен 1600 адам жұмылдырылыпты. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл ақ ұлпа үш есеге дейін көп жауған әрі алдағы күндері де қалың қар күтілуде. Сондықтан шенеуніктер тағы осындай бес қар еріту орнын салуды жоспарлап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!