«Боранда жолға шықпа». Өңірлерде қар, боран, көктайғақ
Елімізде түннен бері қар құрсауында қалған 100-ден аса адам құтқарылды. Ақтүтек боран солтүстік пен орталық өңірлерде соғып тұр. Жамбыл облысының таулы аймағында да қар қалың жауыпты. Ал батыстағы облыстардың кейбірінде көк тайғақ, соның кесерінен тайып жығылып мертіккендер көп.
Автор: Жаңалық Ахаш
10.01.2025
Ұйытқып соққан бораннан Қызылжар өңіріндегі бірнеше ауданмен кешелі бері көлік қатынасы жоқ. Құтқарушылар дабыл қаққанымен, ескертуді елемей жатқандары да жетерлік. Ғабит Мүсірепов ауданында жеті көлік қар құрсауында қалыпты. Оның ішінде автобус пен екі жүк көлігі де бар. Салонда болған 24 адам жақын маңдағы ауылға жеткізілді.
Қостанай облысына қарасты Жастар ауылы маңында жеңіл көлік боранда тұрып қалды. Салонда жалғыз жүргізуші болған. Құтқарушылар машинасымен қоса сүйреп, сол маңдағы елді мекенге жеткізді.
Ақмола облысының Егіндікөл ауданында да осындай жағдай болды. Қар құрсауында қалған үш адам дін аман құтқарылды.
Ерсайын Қойшыбаев, Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі:
— Таңғы сағат бес шамасында Көркем ауылы маңында бір жеңіл көлік қар құрсауында қалған. Ішінде үш адам болды, құтқарушылар шығарып алды. Елді мекенге дереу жеткізген. Аман-есен, денсаулықтары жақсы. Әйтсе де, ескертулерге құлақ түріп, боранды күні жолға шықпаған дұрыс.
Жамбыл облысындағы қары қалың Қордайда алты адам құтақырылды. Олар мінген үш көлік қар құрсауында қалған. Жол талғамайтын «Трэколмен» жетіп, жолаушылар жылы жерге жеткізілді.
Ал Ақтөбеде күн ашық болғанымен, көк мұз тұрғындарды әбігерге салып жатыр. Күндіз жылы болғанымен, кешкілік аяз күшейіп тұр. Тәулік бойы жол тазартуға кезекшілік қойылғанымен, жүргіншілер жүретін жерлердің мұзын ойып үлгерер емес. Айналдырған бір жұманың ішінде жүзге жуық адам мұзға тайып мертіккен. Бұл ауруханаға келіп көмек сұрағандары ғана. Дәрігерлер тайғақтың кесірінен травматология бөлімінде тыным болмай кетті дейді.
Бағлан Рахметов, Ақтөбе облысы ауруханасының дәрігер-травматологы:
— Именно тек көк тайғақтан түскендер, сол ішінде 84 адамның ішінен 12 адам ауруханаға жатқызылды. Бесеуінің миы шайқалған, нейрохирургияда жатыр. Сүйек жарақатын алған адам көп. Тобығы және білегін, иығын сындырған.
Қыста сауық құрып жүріп құтқарушылар көмегіне жүгінетіндер де бар. Алакөлдің Ақши мен Көктұма ауылы арасындағы мұз жарылып, 25 балықшы жағаға жете алмай қалған. Оларды қайықпен көл ортасынан шығарып алыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!