Алматыда 162 кальян тәркіленіп, 100-ден астам азамат жауапқа тартылды
Қоғамдық орында қорқор шегуге тыйым салынғанымен, оны дайындап сатуға шектеу жоқ. Бірақ бұл жолғы рейдте мейрамхана мен түнгі клубтарда қорқорды будақтатып отырғандарға да, демалыс орнының иелеріне да айыппұл салынды және тәртіп сақшылары 162 кальянды тәркіледі. Бір түннің өзінде Алматыда 100-ден астам азамат жауапқа тартылған.
Автор: Әсем Лесбек
10.01.2025
Қорқорға құмарлар қай мейрамханада, түнгі клубта жақсысы сатылатынын біледі және заң жүзінде оны қоғамдық орында, көптің көзінше шегуге тыйым барынан да хабардар. Яғни сатып алған қорқорын үйіне апарып тартуына болады.
Ережені пысқырмағандар 60 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады. Ішін көк түтін қылып отырған қонақтарын қуып жіберуге қимаған қожайындары да 100 мың теңгеден әкімшілік жауапқа тартылды.
Көпішілк орында кальян шегуге тыйым екі жыл бұрын күшіне енген. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңның 441-бабы бойынша қорқор шеккен азамат 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Қайталап бұзған жағдайда оның көлемі тағы өсіріледі.
Айтан Елеусізов, Алматы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
— ҚР Денсаулық сақтау кодексінің 110-бабында көрсетілгендей, қоғамдық орында темекі немесе қорқор апаратының бұйымдарын қолдануға тыйым салынғандықтан, осы бағытта жұмыс күшейтілді. Сол себепті барлық тұрғыннан аталмыш қағидатты талап ету мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі.
Рейдте 12 клуб, бар және дәмхана тексерілді. Кальян шеккені үшін 102 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Мекемелерден жалпы саны 96 кальян құрылғысы тәркіленді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!