{metadescription}
Қояндыда салынған жайлы мектепке оқушылар жете алмай жүр
Қояндыда салынған жайлы мектепке оқушылар жете алмай жүр

Қояндыда салынған жайлы мектепке оқушылар жете алмай жүр

Жайлы мектеп, жайсыз жол. Астана іргесіндегі Қоянды ауылында екі мың оқушыға шақталған  жайлы мектеп есігін айқара ашқаны сол еді, балалар оқу ғимаратына жете алмай әбігерге түсті. Өйткені ауылда бұрын-соңды болмаған көлік кептелісі пайда болды. Оқушыларға берілген жалғыз автобус үлгермей, баласын өз көлігімен тасыған ата-аналар жолда сағаттап тұр. Білім саласының басшылары да, ауыл әкімі де бұл қиындықтың бәрі уақытша деп отыр.

Қояндыда жаңа,жайлы мектеп ашылуын ашылды- ау, бірақ тұрғындар алғашқы күннен- ақ жол азабына кезікті. Жаңа оқу орнына жету үшін олар тар жолда бір-бірімен теке-тіресіп өтуге мәжбүр. Әзірге басқа жол жоқ.

Мектепке апаратын жалғыз жол. Көлік кептелісі бұл ауылда бұрын-соңды болып көрмепті. Бүгін тіпті таң атпай жол инспекторларын шақыртуға тура келген.  Олар жүздеген көліктің жүрісін реттеуге тырысқанымен, кептеліс оңай тарай қоймады. Елорда іргесіндегі ауыл жұрты қалаға жұмысына асығып, балалар сабағына кешігіп, ырду-дырду болды.

Бақытбек Жақай:

Жолымыз болмай жатыр. Былай қарай айналып шығасың, алдыңғы жақ бәрі кептелісте. Ақыры басқа жолға дейін шығып кетті. Сабаққа кешігіп жатыр.  Ал дегенде, 40-50 машина бір-біріне тіркеледі.

Елді мекеннің бас жоспарына сай, мектеп ауылдан әрірек  тұрғызылған.Күні кеше Ақмола облысының әкімі өзі мектепті ашып берген. Бірақ мектептің ауылдан алшақтығы көлігі жоқ отбасыларға  ыңғайсыздық туғызған. Қыстыгүны жаяу-жалпылаған оқушылар жол үстінде жүр. Мектепке апаратын жол биыл ғана стандартқа сай салынған, дейді ауыл әкімі.

Бақытхан Солтанбай, Қоянды ауылының әкімі:

Ені алты метр, кәдімгі машина жүретін жол. Осы мектеп үшін салынған жол. Стандартқа сәйкес салынған жол. Биыл арт жақта тағы қосымша жол салынады. Жол мәселесі бұл мектеп үшін биыл шешіледі.

Жайлы мектепте бар жағдай жасалған. Ендігі мәселе оқушылар автобусы. Келесі аптада екі автобус беріледі екен. Бірақ оның міндетіне екі мың оқушысы бар мектептің тек бастауыш сынып балаларын тасымалдау кіреді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде