АҚШ: Өрттен ажал құшқан адам саны 10-ға жетті
АҚШ-тағы алапат өрттен ажал құшқан адам саны 10-ға жетті. Қызыл жалынға оранған Калифорния штатында қазір 73 отандасымыз бар. Олар мемлекеттік бағдарлама бойынша оқуға кеткен студенттер.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
10.01.2025
Осыдан үш күн бұрын тұтанған қызыл жалын дес бермей келеді. Төрт-бес жерде лаулап жатқан соң, мамандар сөндіруге үлгермей жатыр. Ал ұйытқыған жел тілсіз жауды одан бетер өршітуде.
Соңғы деректер бойынша, бір ғана Пасифик-Палисейдс ауданында 5 300 ғимараттың күлі қалған. Олардың ішінде әлемге танымал небір голливуд жұлдыздарының миллиардтарға салған вилласы да бар. Ал жалпы Калифорния бойынша 10 мыңнан аса нысанның түгі қалмай жанып кетті. Оның ішінде жеті мектеп, екі кітапхана, бес шіркеу, дүкендер мен көптеген мейрамхана бар.
Мемлекетке келген шығын, кейбір дерек бойынша 150 миллиардқа дейін барады. Осылайша бұл АҚШ тарихындағы ең ауыр табиғи апат болды. Өрт оңайлықпен өшпеген соң, қазір 360 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Арасында оқуға кеткен отандастарымыз да бар. Табиғаттың тосын мінезіне байланысты жергілікті полицейлер комендант сағатын енгізуді қарастырып жатыр. Себебі, зардап шеккен аудандарда бос қалған үйлерді тонап жатыр. Қазірге дейін 20 мародердің қолына кісен салынған.
Карен Басс, Лос-Анджелес қаласының мэрі:
— Лос-Анджелес халқы үйін тастауға мәжбүр болды. Біздің міндетіміз — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және барынша үйлерді өрттен сақтап қалу. Тілсіз жауды күшейтіп отырған — жел. Ұйтқыған жел әуе операцияларына да кедергі келтіріп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!