Петропавлда ірі сауда орталығы өртеніп кетті
Петропавлда ірі сауда орталығы өртеніп кетті. Тоғыз қабатты үйдің астында орналасқан сауда үйінен шыққан тілсіз жау пәтерлерді де шарпыған.
Автор: Мерген Тоқсанбай
10.01.2025
Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД басшысының орынбасары:
— 2024 жылдың сәуір айында тексеру жүргізгенде электр жүйесіндегі ақаулар, адамдарды эвакуациялау жолдарының жабық болуы секілді 16 заңбұзушылық анықтаған едік. Алайда сауда үйінің жауапты өкілдері бізге «бәрін реттеп, түзедік» деп есеп берген. Бүгін өрт кезінде 68 адамды эвакуацияладық. Олардың 18-і — бала. Өрттен зардап шеккен отбасыларға шенеуніктер уақытша жатақхана ұсынып отыр. Сондай-ақ пәтерлерін тазалап, қалыпқа келтіруге де көмек қолын созамыз дейді.
Өрт таңғы сағат бес шамасында тұтанған. Тілсіз жаумен күресуге қаладағы барлық өрт сөндіру техникасы мен мамандар жұмылдырылды. Олар төрт жарым сағат дегенде жалынды ауыздықтаған. Алайда сауда үйінің сау тамтығы қалмай түгел жанып кетті. Сондай-ақ жоғарғы қабаттағы 7 пәтер де өртенген. Мәселен, Валерия Деревянко ипотекаға үш бөлмелі пәтер алып, жаңа жыл қарсаңында ғана қоныс тойын тойлаған. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады. Жаңаа баспанасы түгел жанып кетті. Шырт ұйқыда жатқан олар түн ішінде өрт сөндіру көліктерінің дабылынан шошып оянған екен.
Валерия Деревянко:
— Оянсам, көз алдым қою түтін мен қызыл жалын. Қапелімде әрі-бері жүгіріп, не істерімді білмей, абдырап қалдым. Күйеуіме бірдеңе өртеніп жатыр дедім. Есік ашып қарасам, от өршіп бара жатыр. Басында көршілеріміз өртеніп жатыр деп ойладым. Пәтеріміз аман қалады деп, соңына дейін үміт үзбеп едім... Өртеніп кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!