Қазақстан-Британ техникалық университетінен шыққан өрттің себебін анықтап жатыр
Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университетінен шыққан өрттің себебі әлі анықталуда. Мамандардың айтуынша, алдымен ғимараттың төбесінен қою түтін шығып, артынша төрт және бесінші қабаттары отқа оранған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Қазір студенттер қысқы демалыста болғанымен, 20 қаңтарға онлайн оқуға жіберілді. 35 жыл бұрын Қазақстанның Тәуелсіздік туралы декларациясы қабылданған тарихи ғимараттың қазіргі жай-күйін КТК тілшісі көріп қайтты.
Автор: Ақтоты Жұмабек
13.01.2025
Қазір бұл ғимарат жабық тұр. Жанып кетпесін деп, өрт сөндірушілер түсірген көк туымыз да әлі орнына ілінбепті. Сенбі түнгі сағат 10-ға таман шатырдан будақтаған түтін көрінген. Мамандар қызыл жалын ошағын жан-жақтан қоршап әрекет етті. Дәл сол жерде жедел штаб құрылып, жағдай бірден бақылауға алынды. Басты мақсат — оттың жайылып кетпеуіне жол бермеу. Десе де жалынды оқшаулау мамандарға оңайға соқпаған. Өйткені ғимараттың шатыры толығымен ағаштан жасалған екен. Төтеншеліктер будақтаған қара түтін мен қызыл жалынды үш сағаттан кейін ғана толық сөндірген.
Камил Магамедов, Алматы өрт сөндіру басқармасының бас маманы:
— Өрттің нақты шыққан жері қазір белгісіз. Мамандар оны қазір зерттеп жатыр. Нақты жанған жері вентиляция шахтасы және сол арқылы шатырға тарап кетті. Рациядан, жедел штабтан бұйрық түсті. Туды сақтауды қамтамасыз ету туралы. Сол кезде мен жоғарғы қабатқа көтерілдім. Туды түсіріп алып шықтым. 12-ші өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі көмектесті. Екеуіміз сол туды түсірдік. Бірақ мен өзім алып шықтым.
Университеттің өрттен қорғау жүйелері бірден іске қосылған. Қазір бұл ғимарат толығық жабық тұр. Төтеншеліктердің мәліметінше, ғимараттың 120 шаршы метр күлге айналған.
Қазақстан-Британ техникалық университетінің баспасөз қызметі:
— Қазір құзырлы органдармен бірлесіп оқиғаның себептері анықталып жатыр. Қазақстан-Британ техникалық университеті студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараланы қабылдайды. Ғимараттың өртке қарсы қорғаныс жүйелері дер кезінде әрекет етіп, өрттің таралуына жол бермеді. Оқыс оқиғаға байланысты оқу 20 қаңтарға дейін уақытша онлайн форматқа көшірілді.
Негізінен мұнайгаз және энергетика саласының инженерлерін даярлайтын элиталы білім ошағының студенттері қазір қысқы демалыста. Оқу тек 20 қаңтарда онлайн басталуы мүмкін.
Бұл жәй ғана білім ошағы емес. Іргетасы 1938 жылы қаланып, 57 жылға қарай құрылысы аяқталған. Кеңес заманында Үкімет орналасқан ғимаратта еліміздің Тәуелсіздік туралы декларациясы қабылданып, егемендігіміз жарияланған. Әр кірпіші құрылыс нормалары бойынша қаланып, сыртандағы сегіз бағаны бар нысан республикалық сәулет ескерткіштерінің тізімінде. Осындай еңселі нысанда өрттің неден тұтанғаны қазір анықталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!