Кентауда былтыр қолданысқа берілген көпқабатты үй жылусыз қалған
Түркістан облысында тұрғындар жылусыз отыр. Кентау қаласындағы көпқабатты үй былтыр пәтер кезегінде тұрған отбасыларға берілген. Бірақ жазда суы, қыста жылуы жоқ дейді тұрғындар. Соның салдарынан қабырғасы көгеріп, үй іші дымқыл тартқан. Тұрғындар әкімдікке талай шағымданғанымен, жауаптылар бұл мәселеден хабарсызбыз дейді. Олар енді ғана арнайы мамандар шақыртып, су мен жылу мәселесін шешпекші.
Автор: Бек Әбиев
14.01.2025
Кентаудағы бұл үй 50 жыл бұрын жатақхана ретінде салынып 90-шы жылдары қаңырап қалған. Бірақ бірер жыл бұрын қирағалы тұрған құрылысты кәсіпкер жекеменшікке алып, күрделі жөндеу жүргізген. Кейін әкімдікке сатып, шенеуніктер былтыр 66 пәтерді кезекте тұрғандарға бөліп берген. Алайда ескіні қанша жамаса да, жаңа болмайды дейді тұрғындар. Өйткені подъездің қабырғасынан су кетіп жатқанына бірнеше ай болған.
Гүлмира Юлдашева:
— Мынаның бәрі су болып жатыр, бүкіл үй дымқыл тартты. Апат бола ма деп қорқамыз. Ертең үй үгітіліп түспесіне кім кепіл, біз қайда барамыз?!
Бес қабатты үйде жылу бар демесең, пәтерлердің іші азынап тұр. Үш баласы бар Нұрбибі Әбілқайыр бір бөлмеден шықпайды. Ұл-қызын қалың киіндіріп, электр жылытқыштың көмегімен жылынып отыр. Жалғызбасты анаға бір бөлменің өзін жылыту да қымбат.
Нұрбибі Әбілқайыр:
— Балаларым шетінен ауырып жатыр. Жылу жоқ. Электр жылытқышпен ғана отырамыз. Айына бөлек төлейміз, оған қоса жарыққа 20 мың теңге төлейміз. Үкіметтің жұмысында істеймін, жалақым 60 мың теңге. Үш баланың балабақшасы, тамағы мен киімі бар. Күнкөріс қиындап кетті. Үй жылымағаннан кейін жарықтан қиналып отырмын.
Жылу жоқтығынан пәтерлер ылғалданып, қабырғалары көгеріп жатыр.
Шенеуніктер бұған дейін бұл үйден ешкім ресми түрде шағымданбады дейді. Күрделі жөндеуден өткізілген жатақхананы жекеменшіктен кезекте тұрғандар үшін сатып алған кезде ақауын байқамадық дейді. «Тұрғындардың шағымын ескереміз» деп отыр.
Нұрбол Көкенов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:
— Бұның сапасын толық қараймыз. Егер шынында құбырлар жарылған болса, себеп-салдарын анықтау керек. Не үшін ондай жағдай болып жатыр, қараймыз, мамандар жіберіп, өзіміз де басына барып.
Жауаптылар пәтерлерге көтерілмей жатқан суды насос арқылы шешпек. Ал жылу мәселесін мамандарды шақыртып, барынша жылдам реттеуге уәде берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!