«Шыршаны лақтырма». Алматы зообағы тұрғындардан жасыл желекті қабылдап жатыр
«Шырша лақтырмаңыз». Алматы зообағы бірнеше жылдан бері жаңа жылдан қалған жасыл желекті қоқысқа тастатпай, тұрғындардан қабылдап жатыр. Мамандар оның бұтасынан жануарларға төсеніш, құс қонақтайтын бақан жасайды.
Автор: Ақтоты Жұмабек
14.01.2025
Ақжәми Рахимова, Алматы зообағының бөлім меңгерушісі:
— Шыршаларды көбінесе тұяқтыларға береміз. Марал, бұғы, қодас, сонымен қатар жолбарыстарға да беріп тұрамыз. Ол шыршаларды жемейді, бірақ ойыншық ретінде пайдаланады — иіскелейді, тырмалайды, ойнайды, ары-бері сүйрейді. Шырша тез кебеді, сол үшін біз науқанды қысқа мерзімге қойдық — 13 қаңтардан 17 қаңтарға дейін. Осы бес күнде алып келуге үлгеріңіздер.
Әзірге 30 алматылық шырша тапсырыпты. Тұрғындар түнде де келіп жатады екен. Бұл науқан жеті жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, жылдан-жылға қылқан жапырақтыны өткізетіндердің саны көбеюде. Ол үшін ақша төленбейді және жасанды ағаш қабылданбайды.
Мұндай дәстүр еліміздің басқа қалаларында да белең алуда. Мәселен, астаналық экобелсенділер шырша жинап, хайуанаттар орталығына тапсырып жүр.
Назым Мағауия, экобелсенді:
— Шырша жинап жүрміз. бастап жатырмыз. Адамдар шыршасын лақтырса, ол полигонға кетеді. Ол жерден дұрыс емес газдар бөлінеді. Ол экологияға зиян. Сол себепті шыршаларды біз Esil Camp-ке береміз. Ол — фермерство. Ол жерде ешкілер, бұғылар бар. Сол жерде осы жануарларға өте пайдалы тамақ. Өйткені одан дәрімен, жасұнық бөлінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!