Қарағандыда жылы аялдамаларды талқандап жүргендермен күресіп жатыр
Қарағандыда полицейлер мен шенеуніктер қаладағы су жаңа аялдамаларды талқандап жүргендермен алысып, әуреге түсіп жатыр. Қаскөйлер негізінен жылы аялдамаларға қырғидай тиеді. Тек апта басынан бері екі аялдама талқандалған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
15.01.2025
Видеода 29 жастағы қарағандылық келіншек ашу-ызасын аялдаманың есігінен алып жатыр. Есікті қолы талғанша жұлқылаған соң, қарасын батырмақ болады. Бір қызығы, күндіз ол аялдаманы жатын бөлмеге айналдырған. Араққа тойған әйелді полицейлер ұстады.
Майқұдықтағы жылы аялдама. Автобекетке қала бағыттарымен қоса, ауылдардан келетін автобустар да тоқтайды. Сондықтан мұнда жолаушылар қарасы қалың. Сондағы жаңа аялдаманың да терезесі бірнеше жерінен сынып, талқаны шығыпты. Қаскөйлерге аялдама ішінде орнатылған бейнекамералар да кедергі болмаған. Қазір олар іздестіріліп жатыр. Табылған күннің өзінде жауапқа тартып, шығынды өндіру оңай шаруа емес. Өйткені мұндайға көбіне арақ ішкен қаңғыбастар барады.
Бір жылы аялдаманың құны 10 миллион теңге. Талқандалғанын жөндеуге 60-тан 300 мың теңгеге дейін қаражат қажет. Екі жылдан бері қаладағы аялдамаларға 150-ден астам шабуыл жасалыпты.
Амантай Рашитов, Қазыбек би ауданы, Тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
— Әйнектерін, терезесін сындырады. Сыртын, есігін сындырады. Конкурс нәтижесі бойынша аялдамаларды күтіп ұстайдын мердігер ұйым бар. Қиратып жатса, жөндейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!