Қазақ әуендерін әлеуметтік желіге қайтару үшін келіссөз жүргізіліп жатыр
Meta компаниясына тиесілі Инстаграм мен Фэйсбук қазақ әуендерін қашан желіге қайтаратынын ашып айтпай отыр. Әділет министрлігі келіссөздердің әлі күнге дейін жалғасып жатқанын хабарлады.
Автор: Айжан Шамшидин
16.01.2025
Бір-ақ сәтте әндерінің Stories пен Reels-тен жоғалып кеткеніне аң-таң болған әртістер де бұл күнді асыға күтіп жүр. Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова келісcөздер кезінде Meta компаниясы әу бастағы келісімшарт негіздерін жария етуге құлықсыз болғанын айтып отыр. Дегенмен ортақ мәмілеге келген тұста әндер бір сағата плейлистте пайда болады.
Еске салсақ, қазақ әуендерін қазақстандықтар белгілі платформадан былтыр жыл аяғында жоғалтып алады. Себеп: қазақ музыкасын халықаралық деңгейде ұсынатын авторлық қоғам Instagram, Facebook желілері кіретін Meta компаниясымен арадағы төлем мәселесі үшін келісе алмай қалған. Сөйтіп арадағы келісімшартты ұзартпапты.
Ботагөз Жақселекова, ҚР Әділет вице-министрі:
— Қарашаның соңында барлық қазақ әні жоғалып кеткені рас. Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, бұл жағдай қоғамда, соның ішінде Instagram қолданушылары арасында үлкен резонанс туғызғанын ескере отырып, Meta компаниясына жүгінгенбіз. Олар келісімшарт талаптарын жариялай алмайтынын, бірақ жақын арада ортақ келісімге келеді деп үміттеніп отырғанын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!