Алматы облысы: Қос мектептің жөндеуі тоқтап, оқушылар көрші мектепке қатынап жүр
Алматы облысында қос мектептің күрделі жөндеуі уақтылы бітпей, орта жолда тоқтап қалған. Соның салдарынан оқушылар көрші білім ордасына қатынауға мәжбүр. Мектептерді жаңартуға қазынадан бақандай 2 миллиард теңгедей бөлінген. Бірақ бұл қаражаттың көбі құрылысшыларға жетпепті, олар айлап жалақы алмаған. Ауыр жұмыс атқарғандар бүгін еңбекақысын даулап Талғар ауданының әкімідігіне барды. Ал шенеуніктер «еш көмек бере алмаймыз» деп отыр. Оның себебі де бар екен.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
16.01.2025
Құрылысшылар Нұра және Белбұлақ ауылдарындағы мектептерде күрделі жөндеу жасаған. Сол еңбегінің ақысына былтырдан бері қол жеткізе алмай, 50-ге тарта құрылысшы әбден қарызға батқан.
Ардақ Асылбаев, құрылысшы:
— Ақшасын менен талап етеді. Мен бригадир болдым. Несие алып жартысын бердім. Қазір өсімақысы өсіп жатыр. Шақырған — мен. Қосалқы мердігер мені шақырды. Келісімшартым, бәрі бар.
Белбұлақ ауылындағы №10 мектеп. Құрылысшылар бұған дейін нысанның терезесі мен шатырын ауыстырып, еденін қалпына келтірген. Сондай-ақ коммуналдық желілерді жаңалапты әрі ғимараттың сейсмоқауіпсіздігін арттырған.
Атқарылған шаруа мұнымен бітпейді. Негізі мектептегі күрделі жөндеу өткен жылдың наурызында толығымен аяқталуға тиіс болған. Бірақ жарты жылдай жалақы алмаған соң, құрылысшылар жұмысты тоқтатқан. «Осыған дейінгі құрғақ уәдеге тойдық» - дейді олар.
Анар Кеңесқызы, сырлаушы:
— Бізге әкімдіктен келді. Оқу басшысы, Айнагүл деген келді. Негізі жұмысшылардың бәрі кетейін деген. Сол кезде осы кісілер кепілгер болған, әкім екеуі. «Жұмысты тоқтатпаңыздар, бұл Үкіметтің ақшасы, біз қаражат алып береміз» деген. Қазір бәрі жауапкершіліктен бас тартып тұр.
Қос мектептің күрделі жөндеуіне атышулы SHEBERBUILD компаниясы жауапты екен. Бас мердігер жұмысқа қосалқы құрылыс компанияларын тартқан. Бірақ оларға істелген жұмыстың ақшасын бермепті. Қазір қара жұмыс істеген компания өкілдері бас мердігердің кеңсесін де таба алмай жүр.
Ильяс Наврузов, инженер:
— SHEBERBUILD компаниясы кеңсесін қайта-қайта өзгертіп жатыр. Соңғы мекенжайы қайда екенін білмейміз. Директоры да алты рет ауысты. Қазір олар бізге 97 миллион теңге қарыз, бермей отыр. Шотымыз бұғаттаулы дейді.
Сондықтан бүгін құрылысшылар Талғар ауданының әкімдігіне жалақысын даулап барды. Сөйтсе, бас мердігер қос мектептің күрделі жөндеуін ашық конкурс арқылы ұтып алыпты. Осыған дейін Нұрадағы мектепке 900 миллион, ал Белбұлақтағы білім ордасын жаңалауға 1 миллиард теңге бөлінген. Бірақ ақыр соңында нысандар уақтылы пайдалануға берілмей, әкімдік бас мердігерді сотқа береді. Сөйтіп арадағы келісімшартты бұзыпты. Ал жалақысыз қалған жұмысшыларға еш көмектесе алмаймыз дейді шенеуніктер.
Айбек Бидаев, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:
— Уақытында бітірмеді, дұрыс жұмыс жүргізбеді, сол себепті біз ол кісілерді сотқа беріп, сот жүзінде келісімшартты бұздық. Бұл кісілер әкімшілікпен немесе білім бөлімімен ешқандай келісімшартқа отырмаған. Бұл кісілер, сол ұтып алған компания SHEBERBUILD-пен шартқа отырып жұмыс істеген. Яғни сол кісілерден ғана жалақы талап етуге құқылы.
Қазір жөндеуі жарты жолда тоқтаған мектептердің оқушылары көрші білім ордаларына қатынап жүр. Құрылыстың созбаққа салынғанына ата-аналар да наразы. Енді шенеуніктер қазынада қалған қаражатқа қайта конкурс жариялап, мектептер келесі жылы пайдалануға беріледі деп сендірді. Ал бас мердігердің жаңа басшылығы алдымен компанияға берешектен қарызды қайтаруымыз керек дейді. Кейін қосалқы мердігерлермен есептеспек. Бірақ бұл кемі жарты жыл уақытты алады деп ашығын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!