Ақтөбеде ерлер мен әйелдер баскетбол командаcы жабылуы мүмкін
Ақтөбедегі ерлер мен әйелдер баскетбол командалары жабылуы мүмкін. Шенеуніктер биылдан бастап кәсіби клубқа бөлінетін қаржыны азайтып, тек балалар командаларын қолдауды жөн деп шешіпті. Бұл — өңірде танымал спорттың дамуына тосқауыл, дейді ойыншылар.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.01.2025
Ажар Елеусізова, «Ақтөбе» баскетбол клубының ойыншысы: — Соңғы шешімдері әділетсіз болды. Кәсіби ойыншылар алда басқа да клубтарға кетер. Бірақ өсіп келе жатқан жастарға үлгі көрсеткен клубты жабуға болмайды. Өзім ақтөбелікпін. Өз туған жерімдегі командада ойнағым келеді. Осы спорттың елімізде дамығанын қалаймын. Оның ішінде қыздар командасы небәрі екі жыл ішінде талай жүлде әкелді.
«Ақтөбе» баскетбол клубы осыдан жеті жыл бұрын құрылған. Алғашында тек ерлер командасы болса, үш жыл бұрын әйелдер командасы жасақталды. Ел чемпионатында екі команда да үздік үштіктен түскен жоқ. Әйтсе де әкімдік биыл тек балалар баскетбол командасына 91 миллион теңге қаржы бөлген. Ал ересектерге «ақша жоқ» депті. Баскетбол клубында бас-аяғы 43 кәсіби спортшы бар. Олардың төртеуі — легионер. Шетелдіктердің жалақысы 500 мың теңгеден аспайды деп сендіреді клубтағылар. Онымен қоса легионердің бірі соңғы ел чемпионатында үздік ойыншы атанған. Ал облыстық спорт басқармасы басшылары кәсіби клубтан үнемделген қаржыны спорттың олимпиадалық түрлеріне, ұлттық спортқа және арнайы нысандарды салуға бағыттан дұрыс деген ұстанымда.
Айбар Ермекбаев, Ақтөбе облысы спорт және дене шынықтыру басқармасының бөлім басшысы:
— Қазір мемлекеттік саясат — жалпы балалар спорты, бұқаралық спортты дамыту. Легионер тартуды бюджет есебінен жұмыс істеуді тоқтату. Жас мамандарды тарту, оларды ынталандыру мақсатында 330 миллионан 90 миллионға қысқартылды. Бірақ ол қаржыландыру тоқтатылды деген есеп емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!