Қостанай облысы: Өрттен қаза болған бес баланың анасына сот үкімі шықты
Қараусыз қалдырған. Қостанай облысының Жітіқара ауданының соты өрттен қаза болған бес баланың анасына 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сотталушының кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жазасын өтеу кейінге шегірілді.
Автор: Сәбит Әлдебай
16.01.2025
Сотта ол балаларын қараусыз қалдырып, 13 жастағы үлкен ұлына пешке отын салуды табыстап кеткенін айтқан. Үй салқындағанда баласы көмір мен тұрмыстық қоқысты жағып, белгісіз сұйықтығы бар пластик бөтелкені де отқа тастай салыпты. Соның салдарынан пештегі жалын лапылдап жанып өртке айналған. Сотта бес баласынан айырылған ана өз кінәсін мойындап, түрмеге жібермеуді өтінді. Бұл қайғылы оқиға былтыр қазан айында болды. Жеке ауладан шыққан өрттен үйдің төбесі ортасына түсіп, бес бала көз жұмған, ең кішісі — бірде, үлкені жеті жаста. Тілсіз жаудан 13 жастағы үйдің үлкені ғана аман қалған.
Ләззат Байғожина, Қостанай облысы сотының баспасөз хатшысы:
— Істің мән-жайын, қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша айыпты деп таныды. Сот үкімімен оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жас баласының болуына байланысты, жазаны орындау кейінге қалдырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!