Тимур Сүлейменов: «Ояна сала, доллар бағамын қарау — психологиялық тәуелділік»
«Ояна сала, доллар бағамын қарау — психологиялық тәуелділік». Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарға шетел валютасының жай-күйін бақылап отыру әдетінен арылу керек деп кеңес берді. Қазақстанда өмір сүргендіктен, теңгемен сауда-саттық жасап, депозитте төл валютамызды сақтауымыз керек. Базалық мөлшерлемені өзгертуге қатысты да бас банкте бүгін қызу талқылау өтті. Оның деңгейі мен қаржы секторындағы жаңалықтарды КТК тілшісі біліп қайтты.
Автор: Айжан Шамшидин
17.01.2025
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25 пайыз деңгейінде қалу туралы шешім қабылдады. Өткенге көз салсақ, бас банктің ақша және кредит саясаты комитеті қарашаның соңында бес ай бойы өзгермеген базалық мөлшерлемені 14,25 пайыздан бір-ақ өсірген еді. Бас банкир Тимур Сүлейменов орталық банктің ақша құнын басқару тетігін орнатуда комитет мүшелері бұл жолы жан алысып, жан беріскенін мәлімдеді.
Дегенмен қызу талқыдан кейін көпшілік базалық мөлшерлемені осы деңгейде сақтап қалу «дұрыс» деген пайымға келіпті. Яғни Ұлттық банк осы дәлізде екінші деңгейлі банктерге кредит береді және ұлттық валютадағы депозиттерге осы мөлшерлемемен сыйақы қосады.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
— Шешім қабылдау кезінде ішкі және сыртқы орта, инфляциялық және экономикалық процесс ескерілді. Сыртқы ортада баға қысымы күшейіп тұр. Оған еліміздің негізгі сауда-серіктесі — Ресейде инфляцияның күшеюі себеп.
Доллар бағамын болжаудан аулақ, төраға шетел валютасын сату-сатып алу арасындағы айырмасына тоқталды. Бұған дейін айырбастау пункттерінде АҚШ ақшасы сатып алу мен сату кезіндегі айырмашылық 7 теңгеден, ал еуро 10 теңгеден аспауы керек деген ереже айтылған-ды. Сүлейменовтің айтуынша, бұл өзгеріс айырбастау пункттерінің жұмысына, не табысына кедергі келтіре қоймайды.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
— Елімізде екі мыңнан астам ақша айырбастау пункті бар. Барлығы жаңа ережемен жұмыс істейді. Сондықтан ешқайсысына бұра тартпаймыз. Доллар үшін шақталған 7 теңге айырма пункттерге операциялық қызметті еш кедергісіз жүргізуге жеткілікті.
Елеңдемейік десек те, мұхиттың ар жағындағы валютаның қалай құбыларына назар аударып, күнделікті доллар бағамына зер салу қанға сіңіп кеткен әдет. Тимур Сүлейменов қазақстандықтарға мұндай психологиялық тәуелділіктен арылуға кеңес берді. Өзі арнайы, доллардың соңына түсіп бағамын білу үшін ақпарат қумайды екен. Тек бас банкир қызметі оны биржадағы таңғы сауда қорытындысы жайлы келген хабарлама көз қырын салуға мәжбүрлейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!