«Қара фри». Алматыдағы балабақшада балаларға күйіп кеткен картоп берген
Күйіп кеткен картоп ұсынған. Алматыда ата-аналар мемлекеттік балабақшада берілетін тамақтың сапасына шағымданды. Олар кеше ұл-қыздарға күйген картоп беріп жатқан кезде үстінен түскен. Оны жеген балалар өзін жайсыз сезінген. Бірі құсып, енді бірінің іші ауырды, дейді ата-аналар. Олар бұған дейін де балабақша асханасынан күйіктің иісі жиі шыққанын айтады. Ал мекеме меңгерушісі мұның бәрін жоққа шығарып отыр. Қазір аталмыш іс бойынша тексеріс жүріп жатыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
17.01.2025
Алматыдағы №166 балабақшада кеше кешкі асқа берілген тамақтың түрі. Ата-аналар күйіп кеткен картоптың балаларға ұсынылғанын байқап қалған. Төбе шашы тік тұрған олар бұл тамақ адам түгілі, малға да жарамсыз дейді.
Раушан Жұрынбаева, тәрбиеленушінің анасы:
– Кеше баламды алып кетуге келген кезде алдымнан жүгіріп шықты. «Мама, тамақ ішкенде құсып тастадым, түкіріп тастадым, оның ішінде боқ болды», - дейді. Онысы несі дедім. Сол жерде тамақтарды жинап жатыр екен, есік ашық тұрды. Мен ана тамақты көріп шошып кеттім. Жап-жасыл картошка, асты қатты күйіп кеткен.
Тілі шыққан ұл-қыздар «қара түсті фри» жегенін айтыпты. Олар осыдан соң өзін жайсыз сезінді дейді наразы жұрт. Бірі құсып, енді бірінің іші ауырыпты. Ата-аналар балабақша асханасынан күйіктің иісі жиі шығатынын айтады. Содан болса керек, кейбір балалар астан бас тартып, үйіне аш қайтады екен.
Ғалия Әбдуқасымова, тәрбиеленушінің анасы:
– Немерем жемейді, бұл жердің тамағын, аш жүреді, кешке дейін. Тек нан жейді. Нан береді, шай береді, болды. Үйге келіп тамақ ішеді. Бұл жерден ештеңе жемейді.
Перзентінің денсаулығына алаңдаған ата-аналар бүгін мән-жайды меңгерушіден білуге тырысты. Айтуларынша, бейсенбі мәзірінде балаларға балықтан жасалған тағам ұсынылуы тиіс болған.
Жаңа меңгеруші келгелі, мемлекеттік балабақшада қордаланған мәселе көп, дейді ата-аналар. Олар көкейдегі сан-сауалға бүгін мекеменің басшысынан жауап алуға тырысты. Ал меңгеруші сол сәтте жұмыс орнымда болдым деп сендірді. Бірақ балаларға қуырылған картоп беріліп жатқанда қайда қарап отырғанын түсіндіре алмады. Тіпті мұндай тамақ ұсынылғанын жоққа шығарып отыр.
Эльмира Атханова, №166 бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі:
– Жоқ бұл балалар картоп жеген жоқ, балаларға бұл картоп жеткен жоқ. Ол суретке түсірілген...
Ауданның білім басқармасының басшылығы да бүгін осында. Қазір олар тексеріс жүргізіп жатыр. Жеуге жарамсыз картоптың кішкентайларға ұсынылғанын камерадағы жазба да растады дейді мамандар. Негізі мұндай ас балабақша мәзірінде мүлдем болмауы керек екен.
Ақнұр Нұрәлиева, Медеу ауданы білім бөлімінің басшысы:
– Камераның бәрін ашқандай, иә, ондай тамақ тұрды. Бір топта көрдік. Қазір білім басқармасының бұйрығымен тексеру тобын құрдық. Таңғы жетіден бастап тексеріп жатыр, қосымша екінші топ келе жатыр. Мәзірде, негізі, картошка берілмеуі керек. Сол үшін қазір бәрін қараймыз. Меңгеруші бақыламаған, кеше қарамаған.
Ата-аналар Е-өтініш платформасы арқылы бірнеше ведомство өкілдеріне шағым жіберіпті. Ол: Медеу ауданы санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасы, Алматы білім басқармасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті.
Тексеру тобы балабақшада бүгін кешке дейін жұмыс істеді. Олар мониторинг қорытындысын жақын күндері жарияламақ. Сондай-ақ ата-аналармен арнайы жиналыс өткізеді. Ал болған жағдайға кінәлілер жауапқа тартылады деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!