Алматыда 10 мың абонентті газсыз қалдырғандар тергеле бастады
Алматыда 10 мың абонентті газсыз қалдырғандарға қатысты полиция тергеуді бастады. Кеше түнде өз бетінше дәмханаға кәріз құбырын тартпақ болғандардың кесірінен Түрксіб ауданында сегіз мың пәтер, 2 мыңдай жер үй мен 70 шықты коммерциялық және өндіріс орындары газсыз қалды. Ешбір рұқсатсыз коммуналдық желіні жүргізгендер жер астындағы магистралді зақымдап, соның салдарынан газбен жылынатын үйлердің тұрғындары қыста жылусыз отырған. Қазір тәртіп сақшыларымен қоса, Алматы құрылыс бақылау басқармасы да тексеріс жүргізіп жатыр.
Автор: Ақтоты Жұмабек
17.01.2025
«Кәріз құбырын саламыз» деп, газ магистралін зақымдаған. Бұрғылау кезінде көгілдір отын жүретін құбырға зақым келген. Газбен қамтуға жауапты компания бұл біліксіз жұмысшылардың кесірінен деп отыр. Қалыпқа келтіру жұмысы өткен түннен бері жүріп жатыр.
Жекеменшік компания жұмысшылары мұнда асханаға арнап кәріз жүйесін орнатпақшы болған. Жеке тұлғалар қалалық қызметтің келісімінсіз, түнде асфальтты тесіп, газ құбырын зақымдаған. Жауапсыз әрі біліксіз мамандардың кесірінен бірнеше қазандықтың жұмысы тоқтатылып, 10 мың пәтер көгілдір отынсыз қалған.
Олег Белов:
— Ешкім еш уәде берген жоқ. Кәріз жүйесі бұзылғанын әлеуметтік желіден білдік. Ал басқа ешкім келмеді, ештеңе айтпады. Бұл апаттың жөндеуі ұзаққа созылмайды деп тілеп отырмыз.
Оқыс оқиғаны біле сала, газға жауапты компания құбырды қалпына келтіру үшін 150 жұмысшы мен алты техника жіберген. Енді мамандар жүйенің қысымын тексеруге кірісті. Содан соң үй-үйді аралап, газды кезекпен қосады.
Фархат Жаңбыров, Түрксіб ауданы әкімі апаратының инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы бөлімінің басшысы:
— Қазір апаттан қалпына келтіру толық аяқталды. Бірінші орында «Жұлдыз» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтитын қазандықты газбен қамтамасыз ететіз. Одан ары қарай жеке үйлерге газ береміз. Барлық жұмысты бүгін аяқтаймыз. Мұнда көрсетілген шығынның бәрі арнайы топтың мойнына ілінеді.
Рәміз Мұқашев, QazaqGaz Aimaq АҚ газ маманы:
— Қауіпсіздік мақсатында газ жүйесін газдан өшіруге мәжбүр болдық. Қалпына келтіру аяқталып қалды. Жақын арада тұрғындарға газды қайтадан береміз.
Қазір полицейлер заңсыз жерасты жұмысын жүргізу дерегіне қылмыстық іс қозғады. Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Заңды бұзғандарға қатысты қандай жаза тағайындалатыны әзірге белгісіз. Дегенмен кеткен шығын кінәлі азаматтардың мойнына ілінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!