Энергетиктер: АЭС еліміздің қарыштап дамуына үлкен жол ашады
«Қазақстанға қуатты атом станциясы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр станциясын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Ана тілі»газетіне берген сұхбатында. Энергетика саласының мамандары да стратегиялық нысан АЭС-тің салынуы еліміздің қарыштап дамуына үлкен жол ашатынына сенімді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
17.01.2025
Жақып Хайрушев, ҚР Еңбек сіңірген энергетигі:
— Атом электр станциясы сияқты жоба Қазақстанда әлі болып көрмеген. Бұл нысан салынғаннан кейін энергомашина құрылысы саласы дамып, жаңа кәсіпорындар пайда болады. Президентіміз айтты ғой, жобаға тапсырыс беруші ретінде Қазақстан жағы консорциумда бас оператор болады деп. Бұл жоба кешікпей қолға алынады.
Кешікпей қолға алынып, Қазақстанда АЭС салынса, әсіресе отандық бизнестің тасы өрге домалайды.Түрлі қызмет көрсету сапасы артып, әркім өз мүмкіндігін дәлелдеудің сәті түседі. Ең бастысы, энерготапшылық болмайды. Ал алып құрылысты энергетика нысандарын тұрғызуда тәжірибесі бар шетелдік компаниялар салуға тиіс деп санайды сала мамандары. Биыл тек конкурс рәсімдерін өткізу талаптары әзірленеді.
Қазір елімізде АЭС-ке қажет мамандар даярлау ісі басталып кетті. Жас мамандар нысанды тұрғызатын шетелдік компаниядан да тәжірибеден өтуге тиіс.
Амангелді Нұрлан, профессор:
— АЭС салып жатқан компания біздің мамандарды қосымша даярлаудан өткізуі керек. Себебі әр АЭС функциялары әр мемлекеттен әр түрлі. АЭС салатын мемлекетпен өте жоғары деңгейде келісімшартқа отыру керек. Қауіпсіздігін ойластыру керек. Енді қазір 3+ реакторлар салынады. Оның қауіпсіздігі дүниежүзінде тексерілген жоғары дәрежеде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!