Астана: Компьютерлік ойынға берілген жігіт туысқандарын пышақтап тастаған
Астанада компьютерлік ойынның жетегінде кеткен жас жігіттің кесірінен бір отбасының ойраны шықты. «Бейуақыт болды, ойыныңды доғар» деген ескертпеге бұлқан-талқан ашуланған 21 жастағы астаналық үйіндегілерді ас үйдегі пышақпен жайпап салған. Туыс ағасы дәрігерлер келмей тұрып жан тапсырса, қалған үш әйел ауыр халде ауруханаға жеткізілген.КТК тілшісі оқиға орнына барып, мән-жайды білетін көрші-қолаңмен тілдесіп қайтты.
Автор: Айжан Шамшидин
20.01.2025
Бұл үйдің тұрғындары өткен сенбінің таңын үреймен атырған. Бір отбасының шырғалаңы тұтас үйді таңғы сағат жетіде шыр көбелек айналдырды. Оқиға орнына бір емес, үш жедел жәрдем көлігінің келуі, қаптаған полицей, көршілердің «бір бәлекет болды ау» деген күдігін одан сайын арттырған.
«Ойынымды үздіңдер!» Осындай ыза мен кек араласып, 21 жастағы жігіт төсегінде дөңбекшіп, түнгі үшке дейін ұйықтай алмайды. Кейін компьютерлік ойынға шектеу қойған ағасынан бастап, тума-туыс апайларының бәрін қынадай қырып тастауға бел буады. Алайда дәл осы тұста оқиғаның қалай өрбігені жайында басы ашық сұрақ көп.
Тұрғын үйдің уатсап чатында содан бері маза жоқ. Түрлі долбар жарыса айтылуда. Көршілердің айтуынша, әуелі 21 жастағы жігіт ас үй пышағымен 1997 жылғы туысқан ағасына тап беріп, 20 рет еш шіміркпестен пышақ сұққан. Кейін баласының жан дауысын естіген анасы, да, туыс екі әпкесі де жетіпті. Ойыннан желігі басылмаған жігіт бұлардың да әр жеріне пышақ ұрып, тамағын осып жіберген.
Көршісі:
— Таңға жуық полицей есік қақты. Көмек сұрады. Еркек адам бар ма деді. «Жай ма, тыныштық па?» деп едім. «Пышақ жарақаты, көмек керек» деді. Күйеуім үйде жоқ еді. Балам жылаған соң үйге кіріп кеттім.
Көршісі:
— Free Fire ойынын түнімен ойнаған. Бала ғой. Түнімен ойнаған болуы керек. Телефонын алып қойған болуы керек. Содан кейін таңертең сабағына барсын деуі мүмкін. Біз де үйде баламыздың телефонын алып қоямыз.
Ең әуелі айқай-шуды естіген іргелес пәтердің иесі бірден жедел жәрдем шақырады. Дәрігерлер шамамен бес минутта жеткен. Тек геймердің ағасы олар келмей тұрып жан тәсілім етіпті. Ал қолы қанға боялып, виртуалды өмірде емес, шынтуайтында қылмыс жасағанын түсінген жігіт терезеден секірмекші болған. Күдікті қазір тергеу изоляторында.
Диас Тоқатов Алматы ауданы ПБ бастығы:
— Адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жанжалдың шығуана күдіктіге туыстары тарапынан жасалған ескертпе себеп болған.
Басқа қаладан Астанаға нәпақа іздеп келіп, пәтер жалдап жүрген отбасыдан аман қалғандардың беті бері қарай бастапты.
Татьяна Колпакчи, №1 көпсалалы аурухананың дәрігері:
— 18 қаңтарда №1 ауруханаға үш әйел ауыр халде жарақатпен жеткізілді. Әрқайсысының денесінде кемі он шақты пышақ жарақаты бар. Дереу ота жасап, қанын тоқтатуға тырыстық. Айтарым, әр минут, сол сәтте адам өмірін сақтап қалу маңызды болды. Қазір бәрі есін жиған. Бірақ оқиғаның қалай болғанын есіне түсіргілері келмейді.
Істің басқа да мән‑жайы тергеліп, анықталуда. Жақынынан айырылған отбасыға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!