Психолог сарбаздардың өзіне қол жұмсауының себебін айтып берді
Әскерде сарбаздардың өзіне қол жұмсауының себебін әріректен іздеу керек. «Оның дүниеге қалай келгені себеп болуы мүмкін» деп, әскери психологтар жаңа ғылыми теорияның бетпердесін ашқандай. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкендер кесір тілігімен туылған еркек кіндік шақалақтар өмір бойына жетер стресс алады дейді. Оның салдары да көп күттірмей, әскер қатарына барғанда шығып жатыр екен.
Автор: Айжан Шамшидин
21.01.2025
Әскери қызмет қауіпсіздігін ауызға алғанымызда, бірінші кезекте бейнекамералар ойға оралады. Қорғаныс министрлігі бүгінде қазақ армиясындағы қылмыстың 60 пайызы осы көмекшілердің арқасында анықталуда дейді. Тіпті екі жыл бұрын удай қымбатқа алынған құрылғыларды бақылап, қажет кезде зу етіп, жазбаның өшіп қалмауын қадағалайтын штат та ашылыпты.
«Оператор» деп аты аталып, түсі түстелген бұл лауазымдағы азаматтар жазбаның құрып кетпеуіне басымен жауап береді. Әскери әр бөлімнің командиріне де енді дәл осы камераларға ақша орталықтан басыбайлы, жеке-дара бөлінеді. Қайсысы істен шыққанын, қай қапталға бақылау керек екенін осылайша өзі шешеді.
Қуанышбек Үштаев, ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары:
— Ертең сіз де, мен де айта алмаймын, аяғымыздың астында не болатынын. Қазір жастардың денсаулығы осыдан 15-20 жыл бұрынғы жастармен салыстырғанда — төмен. Неге? Өйткені іс-қимыл аз, аз жүреді. Көп қимылдамайды, барлығы смартфон қарап отырады.
Әскер сапына қабылданатын жастардың психологиясын терең зерттеп жүрген мамандар мәселенің түбі — ана құрсағынан бастау алатынын жоққа шығармайды. Айтуынша, кесір тілігімен дүние есігін ашқан бөбектер алғашқы стресін туған кезде‑ақ басынан өткереді екен. Естімеген елде көп жаңалықты айтып, жұртты таң қалдырған психологтың бұл даты мынадай:
Александр Богатов, Астана қаласы, психикалық денсаулық орталығының психологы:
— Біз әскер сапына жас жігіттерді қабылдап, медициналық тексеру жүргізгенде, қалай туылдың деген сұрақты міндетті түрде қоямыз. Себебі, көп жағдайда адамзаттың жадысында өтіп кеткен оқиға-жағдаяттар біртіндеп өмір жолында шыға бастайды. Тіпті мен сіздерге бір қызықты айтайын, мысалы бір жарым жасына дейін анасы жанында болмаған бүлдіршіндердің де кейін психо-эмоцианалды жағдайы шатқаяқтап тұрады.
Бұл ретте психологтар жас сарбаздардан бөлек, офицерлердің де психологиялық хал-ахуалын тексеруіндей-ақ тексереді. Тек іс жүзінде ережеден аттап кететіндер бар. Былтыр күзде Оймаша полигонында жас сарбазға взвод командирінің «Макаров» тапаншасынан атқан оғы да дәл осындай қайғылы жағдайлардың бір парасы.
Қуанышбек Үштаев, ҚР Қарулы күштері, құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары:
— Бұл офицеріміздің жеке басының тәртіпсіздігі. Өйткені оқу мекемесі әскери тиесілі білім берді. Тиесілі деңгейдегі машықтарды меңгерді. Офицеріміз өз тапаншасын тек әскери бағытта қолдану керек болған. Өкінішке қарай, осындай жағдайда адамдарға бағыттап, соңы біздің сарбазымыздың қайтыс болуына әкелген.
Қоғам алдында тек нашар жағынан көрінген бізге де ұнамайды дейді қарулы күш өкілдері. Сондықтан әскерде темірдей тәртіп пен қалтқысыз бұйрықтың орындалуы үшін қолданыстағы нормалар қатаңдатылып жатыр. Жауынгерлерден смартфон жаппай алынып, оның орнына қарапайым функциялы ұялы телефон рұқсат етілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!