«Аяз күтіледі». Апта соңына дейін алыс жолға және таулы аймаққа бармаңыздар
Ақтүтек боран бірнеше өңірдің тіршілігін тұралатып тастады. Қар аралас желден Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл және Абай облыстарында жол жабылып, көлік қозғалысы тоқтаған. Ескертуді елемей жолға шығып кеткендер көмек күтуге мәжбүр. Бір түннің өзінде құтқарушылар жүздеген жолаушыны қар құрсауынан шығарып, жылы жерге жеткізді. Ал боранмен қоса аяз күшейген Астана мен Абай облысында оқушылар онлайн оқуға көшті.
Автор: Ұлан Нұрахмет
22.01.2025
Борай жауған қар шығысқазақстандықтарды шырғалаңға салуда. Қолайсыз ауа райында жолға шыққандар жаппай қалың қарда малтығып тұр. Шемонайха-Секисовка тас жолында ондаған көлік тізбектеліп қалған. Қазір құтқарушылар діттеген жеріне жете алмай көмек күткен жұртты құтқарып жатыр.
Ал Абай облысында таяқ тастам жер көрінбейді. Бет қартпайтын бораннан Семей қаласы мен бірнеше аудандағы мектепте сабақ тоқтатылды. Ал тас жолдардағы жағдай тіпті қиын. Қарлы боранда көліктер жаппай соқтығысып, жолды жауып қалған.
— Алматы жақтан, Үшарал мен Аягөзден шықпай-ақ қойыңдар. Керек жоқ. Мына,жерде бәленбай машина соғылып жатыр. Түк көрінбейді.
Ал Қарағанды облысында 11 бағыт бойынша жолдар әлі жабық тұр. Қазір күре жолдардағы сегіз жылыту пунктінде 245 адам бар. Құтқарылғандар екі күннен бері жолға шыға алмай отыр. Тұралаған көліктерге полицейлер көмекке келуде. Олар Балқаштан шыққан 200-ден аса көлікті облыс орталығына аман-есен жеткізді.
Жамбыл облысында да дәл осы жағдай. Мұнда ұйытқыған желден электр бағаналары құлап, кейбір елді мекендер жарықсыз отыр.
Карина Карташова, Жамбыл облысы ТЖД ресми өкілі:
— Жамбыл учаскелері маңында 200 жолаушы, оның ішінде он бала, 25 жолаушылар автобусы, 250 жеңіл авткөлік жиналған. 820 адамға арналған жылыту пункті дайындалды.
Құбылмалы күн райы Ақтөбе және Ақмола облыстарының тұрғындарын да шырғалаңға салып жатыр. Қазір қос өңірде ақтүтек бораның соңы сақырлаған сары аязға ұласып барады. Ал «Қазгидромет» мамандары алдағы үш күнде еліміздің бірнеше өңірінде сынап бағынасы төмендейтінін болжауда. Тіпті кейбір аймақта 40 градусқа дейін аяз болады.
Афродита Пірімжар, «Қазгидромет» РМК инженері:
— Солтүстік өңірлерде түнде ауа температурасы 20-30 градус аяз, кей жерде 35 градусқа дейін қатты аяз болады. Күндіз 13-20 градус аяз. Орталық пен шығыста түнде 20-35 градус, ал кейбір аудандарда 40 градусқа дейін күшейетін қатты аяз күтіледі. Оңтүстікте түнде 15-25 градус, кейбір жерде 28 градусқа дейін аяз болады.
Астанада аяз бен боранға байланысты 1-9 сынып оқушылары онлайн оқуға жіберілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, соңғы екі тәуілікте елімізде қар құрсауында қалған 700 адам құтқарылған. Мамамандар, апта соңына дейін алыс жолға және таулы аймаққа бармауға кеңес береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!