«Үскірік аяз». Жол апаттары. Далада қалған автобустар. Онлайн оқу
Қарағанды облысындағы Ақсу-Аюлы маңында 19 автокөлік соқтығысқан. Зардап шеккен алты адам сол маңдағы ауруханаға жеткізілді. Жол апатына жүргізушілердің арақашықтықты сақтамауы себеп болған. Ал Ақтөбе өңірінде 30 градус аязда бұзылып қалған екі автобустың 100-ден аса жолаушысы құтқарылған. Жылы жерге жеткізілгендердің көбі жақын шетел азаматтары. Үсірік аязға байланысты Астана қаласы мен бірнеше облыста оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшті.
Автор: Ұлан Нұрахмет
23.01.2025
Ақтөбе облысында ақтүтек боранның беті қайтқанымен, қытымыр аяз қыспаққа алуда. Сынап бағамы 30 градустан түсіп кеткен. Мектептерде оқушылар жаппай қашықтықтан оқуға көшті. Ал құтқарушылар үшін өткен түн кірпік қақпай жолда қалғандарды құтқарумен өтті. Жанармайы қатып жолда қалған екі автобустан жүзден аса жолаушы жылы орындарға жеткізілген. Оның ішінде Шымкенттен Уфаға қарай шыққан 84 адам — Тәжікстан, Өзбекстан және Ресейдің азаматтары.
Қарағанды облысында Ақсу-Аюлы ауылының маңында 19 автокөлік бір-бірімен соқтығысты. Жарақат алған алты адам ауруханаға жетікізілген. Жол-көлік оқиғасының себебі: қолайсыз ауа райы, ара қашықтықты сақтамау, жылдамдықты асыру. Оның үстіне бұрқасыннан кейін кейбір күре жолдар әлі күрелмеген.
Абай облысында бораннан қалааралық автобус төңкеріліп қала жаздады. Ақжардан Алматы қаласына шықан қоғамдық көлік жол жиегіне шығып кеткен. Салонда болған 10 жолаушы дін аман. Сондай-ақ құтқарушылар шұғыл медициналық көмек керек болған жүкті келіншекті ауруханаға жеткізді. Күре жолда таяқ тастам жер көрінбей, 100 шақырым жерге жол талғамайтын көліктің өзімен зорға жеткен.
— Аягөз қаласы. Өрекен ауыл округінен жүкті әйелді Аягөз орталық ауруханасына жеткіздік.
Шығысқазақстандық құтқарушылардың да үш күннен бері мазасы кетті. Борай жауған ақұлпаның астында қалғандар көп болды. Өңірдің тас жолдарында жүзге жуық автокөлік омбы қарда тұрып қалған. Қазір аймақта тәуілік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылды. Құтқару жұмысы әлі жалғасып жатыр.
Ерік Тұрсынғалиев, ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:
Қар құрсауында қалған 72 автокөлікті шығарды. 20 адамды, оның ішінде төрт бала эвакуациялады. Құтқару жұмыстары Өскемен-Риддер тас жолының учаскесінде. Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы республикалық маңызы бар тас жолында және Самара ауданында Өскемен-Тарғын-Самарское тас жолында, Глубоковский кентінде Шемонаиха-Секисовка ауданында жүргізілді.
Мамандар тұрғындарды сабыр сақтап, алыс жолға шықпауға шақырды. Өйткені ақ бұрқасынның соңы сақылдаған сары аязға ұласып келеді. Кейбір аймақта ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Аяз сынғанша, оқушылар мен студенттерге сабақ онлайн өткізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!