Саранда дүкен сатушысын пышақтап өлтірген күдікті ұсталды
Қарағанды облысының Саран қаласында дүкен сатушысын пышақтап өлтірген күдікті ұсталды. Қаланың 50 жастағы тұрғынының айтуынша, пышақпен қорқытып, дүкен кассасына қол салмақ болған. 27 жастағы әйел қарсылық көрсетіп, күдіктімен арпалыса кетіпті. Сөйтіп соқталдай ер адам келіншекті оңдырмай пышақтап тастаған. Бұл әрекеті бақылау камерасына түскен. Полицейлер оны бір тәуліктен соң ұстады.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
23.01.2025
Бейнекадрлерде келіншектің бетперде киген әлдекімен жағаласып жатқаны түскен. Алысып жүріп, күдікті қолын сермеген сайын әйел пышақ жарақатын алып отырған. Ақыры оны жайратып тастаған соң, кассадағы 30 мың теңгеге қол салады. Дүкенмен қабырғалас орналасқан асхана иесі орнында болғанымен, айқай-шуды естімедім дейді.
Венера Айтмағамбетова:
— Кеше тамақ пісіріп болған соң, кофе алам деп ойладым. Сондай жағдайдан кейін қорқып кеттім. Оның үстіне, полиция келіп, «адам көрдіңіз бе?» деп сұрады. Әдетте терезеге қырық рет қараушы едім. Сол күні қараған жоқпын.
Таңғы жетіде ашылатын дүкен қалаға Қарағандыдан кіреберісте орналасқан. Әдетте осы уақытта бұл жерде адам қарасы қалың және сауда орнына кіретіндер көп болады екен. Қырсыққанда, қылмыс жасалған сәтте дүкенге ешкім бас сұқпаған.
Қаралы шаңыраққа көңіл айтып келушілер ағылып жатыр. Марқұм ертең жерленеді. Артында аңырап төрт және екі жастағы екі бүлдіршіні мен жары қалды. Жақындары да төбесінен жай түскендей күйде отыр.
Төлеубек Мұқархан, марқұмның туысы:
— Кәсіпкерлікпен айналысайық деп, өздері дүкен ашып жүгіріп жүрген. Ешкімге зияны жоқ. Капюшоны бар куртка киіп келген. Бетіне бетперде киген, қолғабы бар. Қолында үлкен пышағы бар. Видеоны қарап отырсақ, пышақпен 15 рет ұрған. Видеоға түспеген жері де бар. Білмейміз, қанша рет пышақ салғанын.
Кешеден бері аяғынан тік тұрған полиция бүгін күдіктіні ұстағанын мәлімдеді. Пышағы да тәркіленген. Тергеу мәліметінше, күдікті Қарағандыдан таксимен келіп, ақшасы болмай, телефонын таксиске кепілге қалдырған. Сол телефонды қайтару үшін дүкенге пышақпен кірген.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы:
— Қылмысқа ақша үшін барған. Полиция күдіктіні дүкеннен кетіп бара жатқанын көрген куәгерлерді анықтады. Барлығының жауабы қылмыстық іске тіркелді.
27 жастағы Гүлстан Тілеуқабыл жолдасы екеуі бір жылдан бері дүкенінің саудасын дөңгелеткен. Балаларын жеткізем деп, ерте ашылып, түн жарымға дейін жұмыс істепті. Маңдай тер, табан ақысын қолдан бермеуге қарсы тұруы да — содан дейді туыстары. Қайсарлық танытқанымен, мерт боламын деп ойламағаны анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!